Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

"Мемлекет азаматтарға жалға алған пәтер ақысының жартысын төлеп береді",- Үкімет

AstanaTV
01.02.2022ж. 20:00
1308
"Мемлекет азаматтарға жалға алған пәтер ақысының жартысын төлеп береді",- Үкімет

Енді мемлекет азаматтарға жалға алған пәтер ақысының жартысын төлеп береді. Бұл туралы Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, төлемдерді тағайындау қағидалары әзір.  Жаңа бастама қалай жүзеге асады?  Жеңілдікті кімдер пайдалана алады?  Толығырақ тілшіміз Бекболат Сатуов айтады.

Елімізде қазір 600 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Оның 200 мыңнан астамы әлеуметтік жағынан аз қорғалған топқа жатады.  Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Үкімет  биыл жаңа механизімді іске қоспақ. Яғни енді мемлекет азаматтарға жалға алған пәтер ақысының жартысын төлеп береді.Оның операторы  болып "Отбасы Банкі" белгіленді.

Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Банк кезекте тұрған адамдарды тұрғын үйге мұқтаждығы өлшем шарты бойынша ақпараттық жүйе арқылы тексереді. Атаулы көмек қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Яғни 50%-ы мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылады, ал қалған 50%-ын жалға алушы өз бетінше төлейді.

Биыл 70 мың адам жаңа бастаманың игілігін көреді деп жоспарланып отыр.  Олар кейінгі алты айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1 еселенген шамасынан аспайтындар,    көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, сондай-ақ  жетім және мүгедек бала тәрбиелеп отырған жанұялар.  Осы санаттағы  азаматтар  "Отбасы банкінде"  үй кезегінде тұруы міндетті дейді,-жауаптылар.

Бақытжан ҚАШАҚОВ, ҚР ИИДМ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТКШ ІСТЕРІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әрбір үйге мұқтаж деп есептелінетін адам кезекке тұру керек. Бізде қазіргі қолда бар деректер кезекте маған үй керек деген, адамдардың саны.

Алайда Үкіметтің жаңа қадамына сарапшылар сын көзбен қарайды. Өйткені ұсынылған бастама нарықтағы бағаны тағы да көтеріп жіберуі   мүмкін дейді.  

Дәулет ТӨЛЕУТАЙҰЛЫ, САРАПШЫ:

Мен ойлаймын, 50 процентті керісінше оператор "Отбасы банкте" шешілмейтін депозит қылдырып жинала берсе. Кейін бірнеше жыл өткеннен кейін сол үймен бастапқы жарнаны болмаса, мынау үнемі айтатын бағалау көрсеткіші бар ғой, табыс көзін растамай да үй алуға мүмкіндіктер бар. Соны жасаса деймін.


Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Үкімет жаңа бастамаға биылдың өзінде қазынадан 50 млрд теңге жұмсамақ. Осылайша олар 10 жылдың ішінде баспанасыз жүрген  жарты миллионға жуық азаматтың мәселесін шешеміз деп отыр. Айта кетейік, жаңа механизмді 1 мамырдан бастап іске қосу жоспарланған.

Б. Сатуов