Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Қызылжарда 20 көпқабатты үйдің тұрғындары әлі газ баллондарын пайдаланады

Қызылжарда 20 көпқабатты үйдің тұрғындары әлі газ баллондарын пайдаланады

Қызылжарда 20 көпқабатты үйдің тұрғындары  әлі күнге дейін газ баллондарын пайдаланып отыр. Бұл заңға қайшы болса да, халықтың онан басқа амалы жоқ.  Себебі, баспаналар  орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған.  Неге?   Мәселенің мән-жайын өңірдегі тілшіміз  Абзал Құрманкин анықтап көрді.

4 қабатты  баспана тоқырау заманында орталық газ жүйесінен ажыратылған. Содан бері тұрғындардың бір бөлігі электр плитасын қолданса, қалғаны қауіпті екенін біле тұра,  газ баллондарын пайдалануға мәжбүр.  Себебі, үйдегі кейбір пәтердің иесі орталықтандырылған газ желісіне қосылуға құлықсыз.  

Соған байланысты мәселе шешілер емес.

Наталья ГРИЦАЙ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Негізінде электр плитаны қолданамыз. Бірақ кейде жарық сөнген кезде газ баллонын пайдалануға тура келеді. Өз қауіпсіздігім үшін қатты қорқамын. Бірақ амал жоқ. Көршілердің көбі орталықтандырылған газ жүйесін қосуға қарсы.


Қалалық газбен қамту серіктестігінің хабарлауынша, Петропавлда 20 көпқабатты баспана орталық газ жүйесіне қосылмаған. Сондықтан сала мамандары жұрттың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Айтуынша,  үйлерге ортақ газ таратқыш қондырғы орнатып, құбырларды пәтерлерге тарту үшін   шамамен  10 миллион теңге қажет. Алайда, жауапты кәсіпорын өкілдері "оған тұрғындарды күштеп мәжбүрлей алмаймыз" дейді.  

Олег ЛЮБАВИН, ҚАЛАЛЫҚ ГАЗБЕН ҚАМТУ КӘСІПОРНЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:

Егер тұрғын үйде газ баллоны орнатылса, онда баллондардың қауіпсіздігі бес деңгейден тұруы қажет. Газдың шектен тыс қысымын шығаратын арнайы қондырғы болуы тиіс. Көгілдір отынның жарылыс көрсеткіші 1.5 пайыз. Яғни ауаға сәл тарағанның өзінде оттың кішкентай ұшқынынан ол жарылуы мүмкін. Біз газ баллонын пайдаланғаны үшін ешкімді жауапқа тарта алмаймыз.

Көпқабатты үйлерді құзырлы орындар тексеріп тұрады. Бірақ ол   арыз түскен жағдайда ғана болады. Жоспарсыз бақылау жүргізуге құқығы жоқ.

Жанайдар СҰЛТАНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ:
 
Ннықталған жағдайда 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Содан кейін баллон немесе газ плитасын алып таста деп айтамыз. Егер де осы жағдай қайталанатын болса, 10 айлық есептік көрсеткіш айыппұл саламыз. 2021 жылы біз бір рет айыппұл салдық.

Қазір әкімдік «Нұрлы жол» бағдарламасына орталықтандырылған газ жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Қомақты қаражат «револьвер» жүйесі бойынша несиеге беріледі. Демек, алдағы уақытта  көпқабатты үйлер  мемлекеттік бағдарлама негізінде газбен қамтылуы мүмкін.

А. Құрманкин