$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодарда күні кеше ғана күрделі ота жасаған бас дәрігер жұмыстан қуылды

AstanaTV
03.02.2022ж. 20:00
1985
Павлодарда күні кеше ғана күрделі ота жасаған бас дәрігер жұмыстан қуылды

Павлодарда күні кеше ғана жүрекке күрделі ота жасаған кардиоорталықтың бас дәрігері жұмыстан қуылды. Бұған білікті дәрігердің басшылық жұмысты дұрыс атқара алмауы себеп болған сыңайлы. Аймақ атқамінерлері кеше мақтап, бүгін даттайтын дәрігер не бүлдірді? Әріптесім Өзгеріс Қуанар анықтауға тырысып көрді.

Қайрат Қайранбеков – жүректің қолқа доғасының орнына мұздатылған жасанды протез салдырған алғашқы адам. Аман қалған науқас дәрігердің біліктілігін айтып, қуаныштан көзіне жас алды.

Қайрат ҚАЙРАНБЕКОВ, НАУҚАС:

Балаларымды көремін, Алла бұйыртса. Ешкіммен хабарласқан жоқпын. Бәрі сәтімен өтіп, бітсің деп отырмын. Содан кейін көремін. Осы клиникадағы барлық кісілерге көп-көп рахмет!

Жүрекке жасанды протез салу елімізде бірінші рет жасалынып отыр. Отаның сәтті өтуі кардиоорталықтағы дәрігерлердің  арқасында жүзеге асқан. Кардиохирург Әділжан Әлбазаровтың бір кезеңмен екі түрлі операция жасауы, өңірге ғана емес республика үшін  тың жаңалық болды.

Әділжан ӘЛБАЗАРОВ. АЙМАҚАРАЛЫҚ КАРДИОРТАЛЫҚТЫҢ ЭКС-ДИРЕКТОРЫ:


Бұл еліміздің медицинасындағы соңғы 5-7 жыл аралығындағы үлкен жетістік. Ең бастысы Қазақстан азаматтары аурудан құлан таза айығып шығуға қол жеткізіп отыр. Біздің алғашқы операциямыздан кейін сырқат азамат бұрынғы жұмысы ауыр болсада қайта жалғастырады. Бұл менің ғана емес, Павлодардағы кардиорталық ұжымының жемісі.

Кеше ғана ауыр халдегі науқастың өмірін арашалап қалған бас дәрігер, бүгін қызметімен қош айтысты. Бұған біліксіз басшы болғаны себеп болса керек.   

Айдар СЕЙІТҚАЗИНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 
Ол хируг дәрігер ретінде білікті маман. Бірақ, мекемені басқару ісінде осал басшысы болғаны өкінішті. Оған қоса ішкі аудит мамандары бірқатар заң бұзушылықтар тапты. Десе де, оған кардиохируг дәрігер ретінде жұмысын жалғастыра беруге болатын еді. Алайда, өзі қалғысы келмеді.

Шенділердің сөзінше, орталық мемлекеттік тапсырысқа да қатыса алмай қалған. Дәрігердің осы секілді өзгеде кемшін тұстарын аймақтың экономикалық тергеу департаменті тексеруге алған. Кеше ғана ел мақтаған дәрігерді, бүгін даттағандарды қоғам қызу талқылап жатыр.

Ө. Қуанар