$482.86 €533.17 ₽5.08
×

Полиция қызметкерлерінің жалақысын көтерсе, талапты да күшейту керек

AstanaTV
03.02.2022ж. 20:00
3139
Полиция қызметкерлерінің жалақысын көтерсе, талапты да күшейту керек

Полицейлердің жалақысы бүгін Сенатта сөз болды. Депутат Нұрлан Бекназаровтың дерегінше сала мамандары еңбекақысының аздығынан басқа жұмысқа ауысып жатыр. Бірақ сенатор нақты фактілер мен сандарды айтпады. Бар айтқаны - олардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, жалақысын көбейту қажет деп отыр. Қазірдің өзінде ел бойынша кадр тапшылығы 10 пайызды құрайды. Әріптесім Асылбек Данияр толықтырады.  

Бүгінгі күні құқық қорғау органдарында аттестатциядан өткен 72 мың маман бар. Статистика бюросының дерегінше, полицейлердің орташа жалақысы шамамен 190 мың теңге деп көрсетілген. Ішкі істер министрлігінен құқық қорғаушылардың бүгінгі айлығы қанша екенін сұраған-ек. Құзырлылар жауап беруге асықпайды. Ал, сенатор Нұрлан Бекназаров өзгелерге қарағанда тәртіп сақшылары 2 есе аз айлық алады.

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Сонымен қатар, бүгінгі күні Ішкі істер органдарындағы ең төменгі жалақы өзге құқық қорғау органдарына қарағанда екі есеге төмен. Сондықтан, Ішкі істер органдарының қызметкерлерін ынталандыру мақсатында қызметкерлерді қаржылық және материалдық қамтамасыз етуді теңестіру, сондай-ақ лауазымдық ақыларының қажетті ең төменгі шегін нормативтік бекіту мәселесін қарау орынды болып табылады.

Отставкадағы полиция подполковнигі құқық қорғау органдарының жалақысын көтеруді құптайды. Бірақ, оларға талапты күшейтіп, бақылауды арттыру қажет деді.

Болатбек СОЛТАНОВ, ОТСТАВКАДАҒЫ ПОЛИЦИЯ ПОДПОЛКОВНИГІ:

Полицияның жағдайын, жалақысын көтеру ол міндет. Алайда, көтере отырып полиция қызметкерлеріне қоятын талапты күшейту керек, жұмысын қадағалауды күшейту керек. Талап күшейсе жалақыға сай жұмыс істейді ғой.

Бұған дейін мемлекет басшысы да ішкі істер органдарында бақылаудың жоқтығын сынға алған еді. Оған қаңтар оқиғасы бірден бір дәлел. Сондай-ақ ел басына түскен сын сағатта құзырлы орган басшылары жеке басын ойлап, қашып кеткенін айтқан болатын.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевта, қарамағындағылардың жалақысын  2023 жылға дейін өсіру туралы қозғаған. Нақтырақ айтқанда 50-ден 90 пайызға дейін көтермекші. Яғни сержанттың айлығы 81 мың теңгеден 140 мыңға дейін, ал лейтенанттікі – 103 мыңнан 174 мың теңгеге дейін артады деген болатын.

А. Данияр