Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

21 жастағы қыздың мәйітін өртеп жіберген оралдық сегіз жылға сотталды

AstanaTV
04.02.2022ж. 20:00
1741
21 жастағы қыздың мәйітін өртеп жіберген оралдық сегіз жылға сотталды

21 жастағы оралдық Анастасия Чернаяны өлтіріп, қылмысын жасыру үшін мәйітті өртеп жіберген қылмыскерге үкім шықты. Бірақ соттың шешіміне тараптардың көңілі толмады. Жәбірлденушілер сотталушыға жеңіл жаза берілгенін айтады. Үкіммен келіспеген туыстары сот залында тіпті жұдырық ала жүгірді. Сот отырысына қатысқан аймақтағы әріптесім Еркін Карин тақырыпты толықтырады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Соттың соңғы отырысы ұзаққа созылмады. Өйткені сотталушы өз кінәсін мойындап қойған. Осылайша бұл іс он күннің ішінде аяқталды. Бірақ судья кескен үкіммен жәбірленушілер де, айыпталушы тарап та келіспейді.

 
Адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлтіріп алды деген баппен айыпталған Темірлан Аманғалиев сегіз жылға сотталды. Бірақ мұнымен марқұмның туыстары келіспей, сотталушыға жұдырығын ала жүгірді.
 
Светлана ЛОБАНОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Сот қылмыскердің кішкентай баласы бар деп жұмсақтық танытты. Ал менің жиенімнің жетім қалғанын неге ескермейді? Енді ол жауыз өзіне кесілген сегіз жылдың үштен бірін өтеп, босап шығады. Ал біз мына жақта қан жұтып, қайғырып жүрміз. Адамды өлтіріп, денесін өртеп жіберген қандықол қарақшыға кемінде 10 жыл беріп, түрмеде шіріту керек!
 
Анасының бұл үкіммен айыпталушы тарап та келіспейді. Қорғаушының айтуынша, сотталушы адам өлтірем деп ойламаған. Сондықтан оны бұлай айыптау негізсіз.
 
Марат НАДЫРШИН, СОТТАЛУШЫНЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:

Мен сотталушының қорғаушысы ретінде үкіммен келіспеймін. Өйткені ол марқұмды абайсызда өлтіріп алды әрі кінәсін толығымен мойындады. Сондықтан сот осыны ескеріп, бұдан да жеңілірек жаза беру керек еді.
 
Сот кезінде арадағы дауға ақша себеп болғаны, сотталушы марқұмның  басын бетон қабырғаға соққаны белгілі болды. Осыдан кейін ол есінен танып, кейін өліп кеткен. Қылмысын жасырмақ болған сотталушы мүрдені орманға апарып, бензин құйып өртепті. 21 жастағы Анастасия Чёрнаяның күлге айналған мәйіті кейін қала сыртындағы тоғайдан табылды. Артында екі жасар қызы қалды.
 
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Сотталушы Темірлан Аманғалиев осыған дейін өзі өлтірген Анастасияны түсінде  жиі көретінін айтып, туыстарынан кешірім сұраған еді. Енді ол марқұмның туыстарына моральдық шығын ретінде 6 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Ал жазасын ол Оралдағы түрмеде өтейді.

Е. Карин