$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қытай түрмесіндегі Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі биыл қайта қаралуы мүмкін

AstanaTV
04.02.2022ж. 20:00
1947
Қытай түрмесіндегі Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі биыл қайта қаралуы мүмкін

Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі биыл қайта қаралуы мүмкін. "Есірткі тасымалдады" деп айыпталған отандасымыздың адвокаты жаңа деректермен бөлісті. Сұңқар Нұрмағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында Ақжарқынға қатысты істің қайта қаралуы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатқанын жазған.    

Сұңқар НҰРМАҒАМБЕТ, А.ТҰРЛЫБАЙДЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:

Қазақстанның сотталған азаматтарын беру 2015 жылы Бейжіңде қол қойылған екіжақты шартпен реттеледі. Барлық елде мұндай келісім жоқ. Бұл факт! Тағы бір айтатын маңызды жаңалық бар. Ақжарқынның ісін биыл қайта қарауы мүмкін. Біз бар күш-жүгерімізді салып жатырмыз. Осы орайда қазақстандықтарға алғыс айтамын. Біздің қолдаңыздар!

Сондай-ақ, қорғаушы 8 жылдан бері абақтыда отырған отандасымыздың отбасына жолдаған хатын жариялады. Сағынышқа толы хат ағылшын тілінде жазылған.

Ақжарқын ТҰРЛЫБАЙ:

Құрметті анашым!  Отбасыммен бірге болуды қаншалықты армандайтынымды білсеңіз ғой. Балалық шағымды, сіздерді қатты сағындым. Анашым, арамыз қанша алыс болғанымен, жүрегіміз өте жақын. Мен сіздерді сағындым, отбасымның қасында өткен әрбір сәтті сағынамын. Сізден тағы да хаттар мен фотолар күтемін. Жақсы көретін қыздарыңыз- Ақжарқын!

Еске сала кетейік, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Қытайдың Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Ол есірткі контрабандасымен қолға түсіп, сотталған. Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан мен Қытай елшілігі оны елге  экстрадициялау туралы келіссөзді бастап кеткендігін хабарлаған еді.

А. Данияр