Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Ақсу ауылы халқы аудан әкімінің шешіміне қарсы

AstanaTV
04.02.2022ж. 20:00
2265
Ақсу ауылы халқы аудан әкімінің шешіміне қарсы

Аудан әкімінің шешімінен соң, айрандай ұйыған ауылдан ауызбіршілік кетті. Осылай деген Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Ақсу ауылының тұрғындары, бүгін облыс әкімдігіне жиналды. Айтуларынша, желтоқсан айында аудан әкімі Асылбек Шәменов, 2 мың гектардан аса егістік жердің 500 гектарын басқа кәсіпкерге беру туралы қаулы шығарған. Оны тұрғындар заңсыз деді. Жерді бөлсе қысқарту жүретініне сенімді.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, «Сәркебатыр» шаруақожалығында 220 үлескер бар. Олардың арасына былтыр көктемнен бастап жік түскен. Өзге бір кәсіпкер бірнеше адамды бөліп, жеке қожалық құруға ниет білдіріпті. Алайда, үлескерлер карантин талаптарына сай жиналыс өткізе алмадық дейді. «Соған қарамастан аудан әкімі желтоқсан айында бармақ басты көз қыстылықпен қаулы шығарды» деп отыр.  

Қуаныш ҰЗАҚБАЕВ, ҮЛЕСКЕР:

Жалпы жиналыс болу керек қой. Сол жиналыс болмай, соны өткіздік деп, қарсы жақ өтірік документ дайындап, бәрін аудан әкімінен бастап, солай қылған. Сол жөнінде келіп тұрмыз. Заңды жолымен шешіп берсін.

Шаруалардың айтуынша, аудан әкімінің қаулысы ауылдастарды араздастырып қойған. Ұйыған ауылдан береке қашты дейді халық. Сондықтан облыс әкімінен оның күшін жоюды талап етіп отыр.

Сайран ТӨЛЕГЕНОВ, ҮЛЕСКЕР:

Қаулы күшін жоймаса, кетпейміз бұл жерден. Осы халықтың барлығы  тұрады, бәрі соны күтіп тұр. Өйткені бізде 130 адам жұмыс істейді. Ертең жұмыссыз қалады барлығы. Адамдар жұмыстан қысқарады жер кетсе. Қазір 100 мың алып жүргендердің айлығы 50-40 мың болып қалатын шығар. Халық соған ашынып келіп тұр.

Жиналғандарды әкімдікке кіргізіп, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы сабырға шақыруға тырысты. Алайда, халық облыс әкімін талап талап етіп, сыртқа қайта шықты.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы қаулының заңдылығын құзырлы орындар анықтайды деп отыр. Сондықтан үлескерлерге сотқа шағымдануға кеңес берді.

Медет УСАИНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бөлініп шығу туралы хаттаманы аудан әкіміне ұсынған, тиісті құжаттармен. Соған сәйкес аудан әкімі де бұл жерде шешім қабылдап отыр, жерді бөлу бойынша. Ендігі кезекте бұл кісілердің айтып отқандығы жиналыс өткен жоқ, болған жоқ деген уәждерін айтып отыр ғой. Бұны құзырлы орындарға сот арқылы хаттаманың және қаулының күшін жойып, осындай әрекеттер жасау керек.  

Көп ұзамай халық облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен де кездесті. Жағдайды назарда ұстаймын дейді аймақ басшы. Дегенмен, жерді ғана емес, елді де екіге бөлген қаулының соңғы нүктесін сот қойсын дейді. Ал халық судың сағасындағы 500 гектар жерді бөліп берсе, ел биыл егінсіз қалады деп алаңдайды.

М. Тоқтасынқызы