$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғындары көшпейміз дейді

AstanaTV
08.02.2022ж. 20:00
1006
Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғындары көшпейміз дейді

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен Махамбет пен Вохр аудандарының тұрғындары, әкімдік уәде еткен үйді ала алмай жүр. Сол жылдары аймақта әкім болған Бердібек Сапарбаев халыққа мемлекет есебінен үй салып, басқа ауданға көшіреміз деп серт берген. Жергілікті билік енді жер телімін береміз, үйді өздерің тұрғызып алыңдар деп жолатпай отыр. Жыртығын әрең жамап отырған жұрт болса, үй салып алатын қауқары жоқ екенін айтады.

Ақтөбенің шетіндегі Махамбет пен Вохр аудандары экологиялық аймақта орналасқан. Өйткені жақын жерде ферроқорытпа зауыты жұмыс істеп тұр. Ол аздай, жыл сайын көктемде су тасып, қауіп төнеді. 2017 жылғы алапат тасқыннан кейін Ақтөбе билігі аудан халқын басқа жерге көшіру керек деп шешім шығарған.  Тұрғындарға  «Жаңа тұрмыс»  ауданынан үй салып береміз, көшуге дайын болыңдар деп сол кездегі шенеуніктер уәдені үйіп-төгіп кеткен.
 
Мұңлық ӘЛЖАНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мына сурет маған Сапарбаевтың беріп кеткен суреті. Үй салып береміз осындай деп. Одан кейін қанша әкімге бардық. Бірінші шақырғанда 70 пайыз ауру боласыңдар көшіңдер деді.

Әкімдік айтқан соң, халық жаппай жерімен бірге үй алуға өтініш беріп, құжаттарын жинай бастаған.  Бірақ, билік өкілдері ауысып, ендігісі жер учаскесін береміз, үйді өздерің салып алыңдар депті. Зейнеткерлер, сырқат жандар, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар баспана тұрғызатын шамамыз жоқ деп отыр. Мемлекет салып бермесе, отырған орнымыздан ешқандай көшпейміз дейді.  

Жандос ЖАНБОЛАТОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сіздің документіңізде жер жоқ дейді. Мен не істеймін енді? Қайда барамын алты баламен десем, білмеймін, кетесің, бәрі көшіп болғаннан кейін, сіздің үйді түйіп тастаймыз деді.


Талант АБДУЛЛОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің талап – ақшалай көмектессін, материалдай көмектессін. Көшуге көмектессін. Өйткені,  үш жыл болды жер алғанымызға. Салығын төлеп отырмыз. 2 жылдан кейін біз осы жерді босатуымыз керек. Акимат ақша жоқ, спонсор жоқ, сұратып жатырмыз дейді.


Қалалық әкімдіктің Махамбет пен Вохр аудандары тұрғындарына арнап үй салатын жоспары болғаны рас. Әкімдік өкілі Серік Дәулетовтың айтуынша, 2018 жылы «Жаңа тұрмыс» ауданында бой көтеретін 366 үйдің сметасы жасалған. Ол үшін республикалық бюджеттен 5 миллиард теңге сұралған. Бірақ, Үкімет бұл жобаны мақұлдамай қойған.

Серік ДӘУЛЕТОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Біздің жоспарға сай, үй салып береміз деп ойладық. Смета дайындалды. Сол үшін тиісті органнан қаражат сұрастырдық. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Мұндай бюджет Ақтөбе қаласында қарастырылмаған, тұрғындарға үй салып беруге.


Бюджеттен қаржы бөлінбейтін болған соң, қалалық әкімдік дайын тұрған жер учаскелерін тұрғындарға үлестіре бастаған. Бүгінге дейін 14 адам үй салып, Махамбеттен көшіп кеткен. Ал 300-дің үстіндегі отбасының тағдыры беймәлім. Жергілікті атқамінерлер биыл тағы да жобаны Үкіметке ұсынып ақша сұрап көрмекші.

Г. Сейтенова