Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Елорда тұрғыны жеке пәтерін банкпен бөлісе алмай жүр

AstanaTV
08.02.2022ж. 20:00
907
Елорда тұрғыны жеке пәтерін банкпен бөлісе алмай жүр

Банк пен жеке тұлға бір үйді бөлісе алмай жүр. Елорда тұрғыны өзінің заңды пәтеріне банктің көзі түсті деп арнамызға шағымданды. Ол жылдар бойы әрең қол жеткізген баспанасынан айырылып қаламын ба деп қорқады. Себебі, бүгінге дейін бірнеше рет өткен сот бір пәтерді екіге бөлген. Ал, заңгер банктің бұл әрекетін заңсыз деп бағалап отыр. Мәселенің мән-жайын толығырақ   тілшіміз Динара Жарқынбек айтады.

Жасы 80-ге жақындаған Марияш Меңдібекова   екі жыл бұрын елорданың қақ төрінен 55 млн теңгеге пәтер сатып алған. Айтуынша, оған дейін баспананың екі қожайыны болған.  Пәтерді   аларда барлық құжаттың заңдылығын тексеріп, тиісті мекемелерден өттім дейді. Бірақ, қуанышы ұзаққа бармапты.  Арада жарты жыл өткен соң   өз  үйінің  өзге де иесі бар екенін білгенін айтады.

Марияш МЕҢДІБЕКОВА, ШАҒЫМДАНУШЫ:

Бәрінің үлкені, анасы мен болғаннан кейін менің атыма осы үйді рәсімдеді. “Казинвест банк” деген бұрын жабылып қалған екен. Соның қызметкерлері келіп, “Бұл жерде біздің де үлесіміз бар, мынау үйдің жартысы біздікі. Сіздер заңсыз алғансыздар” деп бізді сотқа беріп жатыр.

Зейнеткердің қызы Толқын Тамабаеваның айтуынша,   бұған қатысты бірнеше рет сот отырысы өткен. Бірақ сот шешімімен келіспейтінін айтады.  Себебі, судья бір пәтерді екіге бөлген. Яғни, жартысы банкке тиесілі, ал жартысы шағымданушыға тиесілі. Сондай-ақ, ол пәтердің алғашқы иелері мен банк арасында мұндай дау болмағанын айтады.

Толқын ТАМАБАЕВА, ШАҒЫМДАНУШЫНЫҢ ҚЫЗЫ:

Нотариус бүкіл данныйды тексергенде ешқандай обременение болған жоқ. Ешқандай залогта, арестте болған жоқ квартира. 6-7 айдан кейін соттан келіп жатыр деп бізге хабарлайды. Енді үйдің иесі болғаннан кейін мен жүгіріп келем дегенше Казинвест банктен келіп жатқан қызметкерлердің біреуін де бетпе-бет көрген жоқпын.

Шағымданушының адвокаты үйді салған құрылыс компаниясы банкке қарыз болғанын айтады. Соған байланысты   ғимараттың төменгі қабатындағы   коммерциялық  бөлмелерді кепілдікке қойған  дейді.  Банк шағымданушының пәтерін сол кепілдікте тұрған  бөлмелермен шатастырғандықтан осындай мәселе туындап отырғанын айтады.  

Сұлушаш МЫҚТЫБАЕВА, АДВОКАТ:

Сот шешімі негізсіз шығарылған.  Олар мүлікті бөлгенде суретімен көрсету керек еді. Бірақ ол жоқ. Заңға қайшы. Банктің тарату комиссиясы бұл тұрғын үйді кепілдіктегі мекеме деп шатасып отыр. Баспананың эксплутацияға өткендегі құжатта да көрсетілген. Енді апелляциялық сотта қалай болатынын көреміз.


Бұл мәселеге қатысты біз аудандық сотқа хабарластық. Бірақ сот  өкілі    соңғы шешім күшіне енбегенін  және іс  апелляцияда қаралып жатқанын жеткізді.  Оның нәтижесі алдағы аптада белгілі болады дейді. Ал, банктің тарату комиссиясы ресми хатсыз жауап бермейтіндерін айтты. Еске сала кетейік, жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев   күнін әрең көріп жүрген қазақты жалғыз баспанасынан айырмау туралы айтқан  болатын. Мәселе оң шешіледі деген үміттеміз.

Д. Жарқынбек