Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Мемлекеттік бағдарламаны желеу етіп, әкім туысына үй берді»,-ауыл тұрғыны

AstanaTV
09.02.2022ж. 20:00
1962
«Мемлекеттік бағдарламаны желеу етіп, әкім туысына үй берді»,-ауыл тұрғыны

«Мемлекеттік бағдарламаны желеу етіп, әкім туысына үй берді». Қызылорда облысындағы Ақжарма ауылының тұрғындары редакциямызға хабарласып,  осылай деп шағымданды. Айтуларынша, ауыл әкімі көпбалалы аналарға арналып салынған үш баспананың бірін туысқанына берген. Ал біз тіпті мемлекеттік бағдарламамен тегін үй берілетіндігі туралы  естіген де жоқпыз дейді. Бұған әкім не дейді? Тараптарды тыңдаған тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызының бейнематериалы.

Гүлзат 8 баланың анасы. Балаларға алатын жәрдемақы мен  еден жуып табатын азын аулақ ақшасы күнделікті қажеттіліктерінен артылмайды. «Одан қалды, көне үйді жамап-жасқап шаршаймын» дейді.  

Гүлзат ШАМШАТ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Үйім құлайын деп тұр, авариялық жағдайда тұр. Әкімге барсам атыңда там бар дейді. Там болмау керек дейді 5 жылға дейін. Ауылға 3 там түсті. Соның біреуі бұйырып қалады ма деп күттім. Бірақ әкімгершілік маған мүлде хабарлама бермеді.  

Ауылдан былтыр мемлекеттік бағдарламамен  3 үй берілген. Бірақ ол туралы хабарлама шын мұқтаждарға жеткен жоқ дейді елдімекен тұрғындары. Айтуларынша,  ауылда баспанаға мұқтаж жандар  көп.    Соған қарамастан әкім санаулы тегін баспананы өз туыстарына  берді деп ашуланады.  

Алтай ҚОШҚАРБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ол осындай отбасыларға беріліп жатыр деп, ауылға жиналыс жасап. Көпшілікпен, ардагерлермен ақылдасып сөйтіп берілу керек негізі. Ол біреуі осы әкімнің қайынағасы алған. Біреуі өзінің інісі. Оның да өзінің үйі бар, жайы бар.

Ауыл әкімінің айтуынша, Гүлзат Шамшаттың атында үй бар, сондықтан ол мемлекеттік бағдарламамен берілетін баспанаға ие бола алмайды. Ал тегін  үйдің бірінде әкімнің  жақындары  тұрып жатыр деген әңгімеге қатысты  өз уәжін айтты.  

Ерлан ЕШМҰРАТОВ, АҚЖАРМА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:


Бір үйдің егесі ғана менің келіншегімнің туған ағасы.  Жасыратыны жоқ қайынағам. Бұл үй салынарға дейін кезектілікте тұрған. Хабарлама 100 пайыз мойындаймын. 100 пайыз берілген жоқ. Өйткені ол салынып жатқан там. Біткенше, бағдарламасы бізге белгісіз болды. Көп балалы аналарға тек соларға ғана беріледі деген сөз болған жоқ.

Ауылдық округ бойынша  көпбалалы отбасы санатымен 4 тұрғын кезекте тұрған.  Олардың төртеуі де  тұрғын үймен қамтамасыз етілді дейді ауыл әкімі.

М. Тоқтасынқызы