Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / "Nur Otan" партиясы таяу уақыттағы жұмыстың басымдықтарын талқылады

"Nur Otan" партиясы таяу уақыттағы жұмыстың басымдықтарын талқылады

"Nur Otan" партиясы "Жаңа Қазақстанды" құруда бар күш-жігерін жұмылдыру қажет. Бүгін өңірлермен бейнеконференция  өткізген  партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов осылай деді. Ол партия мүшелерінің алдына жаңа міндет жүктеді. "Nur Otan" партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа Қазақстанды" құру жөніндегі тапсырмаларын сапалы, әрі уақтылы орындау үшін барлық ресурстарды жұмылдыру қажет деді.

Асхат ОРАЛОВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Ел президенті, партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерік-жігері мен  батыл шешімінің арқасында қаңтардағы қасіретті күндерде, біз мемлекетіміздің іргесін шайқалтпай, егемендігімізді сақтап қалдық. Мемлекет басшысы соңғы сөйлеген сөздерінде өзекті мәселелерді айқындап, дағдарысты еңсерумен Жаңа Қазақстанды құру бойынша нақты міндеттер белгіледі. Қазіргі уақытта осы міндеттерді сапалы және уақытылы орындау үшін партиялық ресурстардың барлығын жұмылдыру өте маңызды.

Асхат Оралов партия ең алдымен, қарапайым тұрғындардың,  мұғалімдердің, медицина қызметкерлерінің, өнеркәсіптік кәсіпорын жұмысшыларының мүдделерін қорғауы тиіс екенін ескертті. Сондай-ақ, бұқара мен билік арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, проблемалармен жұмыс жүргізуде ашықтық қажет деді. Партияның жергілікті филиалдарында нағыз көшбасшы азаматтар жұмыс істеудің және жастарды біріктірудің маңыздылығына тоқталды. Ал депутаттардың халықпен кездесуі ашық өтуі тиіс деп атады. Айта кетейік, келесі аптадан бастап мәжілісмендердің өңірлерге жұмыс сапары басталады.

Асхат ОРАЛОВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

"Nur Otan"  "Жаңа Қазақстанды" құру және жаңғырту барысына алдыңғы қатардан табылуы тиіс. Біз партиялықтар ең алдымен мемлекетті ойлауымыз қажет. Біз үшін қоғам мен мемлекет мүддесі бірінші орында болуы тиіс. Барлық партиялық органдардан, партиялық фракцияның қоғамдық кеңестердің бастауыш партия ұйымдарының жұмыс тиімділігін арттыру қажет. Әрбір партия мүшесі өзінің жұмысын барынша жандандыруы тиіс.


Б. Сатуов