Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

"Аңғалдығымды пайдаланып, үйімді тартып алды",-Ақмола облысының тұрғыны

AstanaTV
14.02.2022ж. 20:00
2510
"Аңғалдығымды пайдаланып, үйімді тартып алды",-Ақмола облысының тұрғыны

"Аңғалдығымды пайдаланып, үйімді тартып алды". Ақмола облысы Талапкер ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлшат Баяділова арнамыздан араша сұрады. Айтуынша, пайызға қарыз ақша аламын деп басы бәлеге қалған. Алаяқтардан жәбір көрген көпбалалы ана,  ұйымдасқан қылмыстық топтың құрбаны болдым дейді. Өйткені, бұл іске бір емес бірнеше адам қатысқан деп отыр. Оқиғаның мән-жайына қаныққан әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты толықтырады.

Талапкер ауылының тұрғыны Гүлшат Баяділова тігіншілікпен айналысады. Көпбалалы ана үшін бұл-жалғыз табыс көзі.  Тірлігін өркендету үшін  тігін машинасын алмақшы болады.  Бар бәле сол кезде басталыпты.

Гүлшат БАЯДІЛОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Интернетті қарап отырдым да, процентке ақша береміз деген бір жерді таптым. Соған жай хабарласа салдым, Зарина деген қыз алды. Процентке ақша керек еді ай сайын беріп тұрғанға бір 500мың теңге деп едім. Содан жаңағы Зарина деген әйел  менің номерімді басқа бір әйелге беріпті, Жанна деген. Содан Жанна деген әйел хабарласып маған , үйдің адресін сұрап алды. Содан өзі үйге келді.

 
Гүлшаттың айтуынша, ол әйел  біреуден ақша алып беретін болады. Бір шартпен, яғни үйді кепілге қою керек дейді. Нотариуске барып, қарызды рәсімдейді. Ақшаны өтеген соң үйді қайтаруға сөз байласады. Бірақ, қарыз беруші ақшаны мерзімінен бұрын өтеуді талап етеді. Арадағы делдалдар тағы бір қарыз беретін адамды дайындап қойған көрінеді. Ал Гүлшат үйінің басқа біреудің атына аударылып жатқанын мүлдем білмедім дейді.   

Гүлшат БАЯДИЛОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Жұматаева Сандуғаш менің телефонымды алып алды. Ішке кіргеннен кейін, артық сұрақ қоймаңыз, қазір нотариус келіспей қалады деп айтты. Біз айтқан сұраққа басыңызды иіп отыра беріңіз деді. Жанымда  Жұматаева Сандуғаш тұрды. "Бұл орысша ғой, аударып бересіз бе?", деп айтқан едім, сол кезде аяғымнан қатты басып қалды Жұматаева Сандуғаш.

"Екінші рет қарыз алғанда алаяқтар маған бір тиын да берген жоқ" дейді Гулшат.  Арада бір-екі ай өткен соң үй сатып алушылар келе бастапты. Баспанасынан айрылғанын сол кезде ғана  білгенін айтады.  

Бұл іске қатысты  бірнеше рет сот болған. Бірақ, оған Гүлшат бірде-бір рет қатысқан жоқпын, дейді.  Заң бойынша, үйдің қазіргі иесі басқа адам. Ал айдың-күннің аманында шиеттей бала-шағасымен жалғыз баспанасынан айрылып қалған Гүлшат әділдік іздеп шырылдап жүр. Біз қарыз алуға көмектескендерге де, қарыз берушілерге де хабарласып көрдік. Телефондары сөндіруді. Үйдің құжат бойынша  иесі боп саналатын адамнан тек мынадай  ақпарат алдық.

ҚҰЖАТ БОЙЫНША ҮЙДІҢ ИЕСІ:

Ия Талапкерде үйім бар. Сізге бұл не үшін керек? Сот өтіп кетті, ол жеңіліп қалды. Сотқа хабарласыңыз. Сот оны алаяқ деп таныды.


Ал Ішкі істер министрлігіндегілер ресми хат сұрады.  1 апта  күттіріп,   жауап жолдады.  

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Қазіргі уақытта, сіздің өтінішіңізде аталған адамның арызына қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы бойынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуі тиіс. Олар, егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн.


Білікті заңгер Жандос Тұяқов жәбірленуші сотқа міндетті түрде  қатысуы керек, дейді. Айтуынша, бұл жағдайда арызданушы тиісті мекемелерге хабарласып, процестің өту барысын пысықтауы керек. Ал пайызға ақша беру заңнамаға сай жеке тұлғаларға рұқсат етілмеген.

Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Сот оның алаяқ екенін нақты дәлелдеп, яғни нақты үкім шыққан жағдайда, үкім заңды күшіне енген жағдайда, ол пәтерді қайтарып алу ешқандай қиындық тудырмайды. Көп жағдайда сотқа жетпей жатады мұндай істер.

Сондай -ақ, маманның сөзінше, жәбірленуші жеңуі  мүмкін. Яғни іс сотқа  жетіп, дәлелденсе,  үйін қайтарып алады.

А. Данияр