Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

«Алматыда полицейлерді таяқпен ұрған екі шетелдік азамат ұсталды» - ҚР Бас прокуратура

AstanaTV
15.02.2022ж. 20:00
1349
«Алматыда полицейлерді таяқпен ұрған екі шетелдік азамат ұсталды» - ҚР Бас прокуратура

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке белсене қатысқан екі шетелдік азамат ұсталды. Олар бүлік кезінде әкімдік ғимаратына шабуылдап, тәртіп сақшыларын таяқтаған деген күдік бар. Бас прокуратура, қазір олар қамауға алынғанын мәлімдеді. Тергеп-тексеру басталған.  Қасіретті қаңтар оқиғасына қатысы бар деген тағы қанша  адам ұсталды? Толығырақ Әсем Лесбек тарқатады.

Қаңтардағы қақтығыс салдарынан шаһарда 291 нысан бүлінді. Ең ауыр соққы қала әкімдігінің ғимаратына тиді. Шабуылшылар іші мен сыртын талқандап, мекемеге от қойған. Бас прокуратура қылмысты жасады деген күдікпен шетелдік азаматтарды ұстады.   
 
ҚР БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні Алматыда қала әкімдігінің ғимаратын басып алу кезіндегі тәртіпсіздіктерге белсенді қатысқан екі шетелдік азамат анықталды. Аталған адамдар Мамандандырылған күзет қызметінің қарусыз қызметкерлеріне қарсы қатыгездікпен күш қолданған. Олар полицейлерге арнайы құралдармен (яғни қалқандар, таяқшалармен) дене жарақаттарын салған.
 
Қос күдікті соттың санкциясымен қамауда отыр. Олардың әрекеті қылмыстық кодекстің «жаппай тәртіпсіздікке қатысу», «билікке күш қолдану» баптарымен тергеліп жатыр.

Ал Алматы облысында бейберекетсіздікке қатысты деген 400-ден астам іс тергелуде. Шабуыл салдарынан өңірде 800-ге жуық адам зардап шеккен. Көбі полицейлер.
 
Рашид ӘМІРОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қаңтар оқиғасы бойынша барлығы 409 қылмыстық іс тергелуде, оның 158-і ұрлық, 191-і қаруды заңсыз сақтау11-і терроризм, үшеуі жаппай тәртіпсіздік, үшеуі кісі өлтіру. Бүгінгі таңда 88 адам қамауда. Тергеу және уақытша ұстау изоляторынан 33 адам босатылды.
 
Тәртіп сақшыларының тінтуі кезінде оқ-дәрілер жасырылған тағы бір орын анықталды. Граната мен калибрлі патрондар тіпті  «Молотов коктейлі» салынған дорба қала сыртынан табылған. Қоғамдық комиссия  мүшелері бүлік кезінде террористер болған болмағанын айтып берді.  
 
Айман ОМАРОВА, «АҚИҚАТ» ҚОҒАМДЫҚ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ, ҚОРҒАУШЫ:
 
Қоғамда террорист деген міндетті түрде сақалы болады деген пікір қалыптасқан. Сақалы болмаса, қандай да бір діни топтағы адам дейді. Бұл жансақ пікір. Сондай-ақ, ешкім халықты террорист деп жатқан жоқ. Мәселе шын мәннінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдар туралы болып отыр.
 
Комиссия жетекшісі мұндай құқық бұзушылықтар қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі» бойынша тергелетінін айтты
 
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Полиция арнайы тексеріс кезінде Алмалы ауданынан оқ дәрілер жасырылған кезекті орынды анықтады. Винтовкалар мен тегіс ұңғылы қарулардың патрондары салынған сөмке сауда бутигінің ішінен табылған. Тергеушілер оқ-дәрілерді кімнің және қалай, қайдан алғанын анықтауға кіріскен.

Ә. Лесбек