$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен салынған білім ошағы жарамсыз күйде

AstanaTV
17.02.2022ж. 20:00
3418
«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен салынған білім ошағы жарамсыз күйде

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған білім ошағы шіріп жатыр.  Пайдалануға берілгеніне биыл 12 жыл ғана болған мектептің құрылысы сапасыз жүргізілсе керек.  Білім мекемесінің едендері ойылып кеткен.  Жылу жүйелері дұрыс жүргізілмегендіктен сынып бөлмелері де суық. Ал, ауыз суды балалар есік алдында қазылған құдықтан ішіп отыр.

Ойдым ойдым болған -Түркістан облысы «Майбұлақ» жалпы орта мектебінің спорт залы. Бәйдібек ауданына қарасты білім ошағы көненің көзі деуге келмейді. 300 орындық нысан 2009 жылы ғана пайдалануға берілген. Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызылған ғимараттың қабырғалары қақырап, едендері ойылып жатыр. Әсіресе спорт залдың жағдайы мүшкіл. Едені шұрық тесік.    
 
Нұрмахан БАЙЗАЛИЕВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТУРУ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Қазір төрт-бес жыл болды ешқандай мүмкіндік жоқ балалар ойнауға. Қыстың күні амал жоқтан ойнатамыз осы жерде оқушыларды. Ойылып-ойылып кеткен, сүрінеді, құлайды. Қаншама баланың аяқтары шығып жатыр.
   
Алғабас ауылындағы орта мектепте көршілес екі ауылдың екі жүзден астам баласы білім алады. Жаңа мектеп деген аты ғана , дейді мұғалімдер. Білім ошағының іші суық. Жаңбыр жауса шатырдан су сорғалайды деді. Осының салдарынан сылақтарына дейін түсіп жатыр. Мектеп басшысы кейбір сыныптарды жауып қоюға мәжбүр. 10 жылдан бері талай табалдырықты тоздырғанмен, нәтиже көре алмай жүр.
 
Әшімхан БАЛАБЕКОВ, МАЙБҰЛАҚ ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
     
Бұл - 12 жыл болды айтылып келе жатқанына. Қыстың күні біздің кластарымыз ешуақытта жылымаған. Жылда бізде жаңбыр жауған кезде бірінші этаж бен оң жақтағы жағымыздан терезеден жаңбырлар ішке қарай кіреді. Сондықтан біз қыстың күні күн суыған кезде бес класты мына жақтағы жылы кластарға  шығыс жақа қарай  ауыстырамыз.

Әшімхан Балабеков мектептің әу-баста сапасыз салынғанын айтады. Небәрі 12 жыл өтсе де қазір қауіпті жағдайға жеткен. Аудандық өкілдердің жауабы көңіл қуантпайды. Тек білім саласына жауапты басқармадағылар осы жазда сең жүреді деп сендіріп отыр.
 
Әмірхан МАМЫТБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМНІҢ БАС МАМАНЫ:

Спорт залдағы ақауларды жою жұмыстарын 2022 жылдың оқушылардың жазғы демалысы уақытында өткізу жоспарланған. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының шағымына сәйкес арнайы сарапшыларға зерттеу жұмыстарын жүргізіп беру бойынша  тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз.

Мамандар мектептің өзге ақаулары тиісті сараптамадан соң ретке келтіріледі деп отыр. Айта кетейік, бұл мектептің сапасы ғана сыр беріп тұрған жоқ. Ауыз суы да шешілмеген. Оқушылар тіршілік нәрін есік алдында қазылған құдықтан ішіп жүр.

А. Төребекқызы