Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қостанайда Дружба шағын ауданының тұрғындары көне ғимаратты бұзуға қарсы

AstanaTV
17.02.2022ж. 20:00
1464
Қостанайда Дружба шағын ауданының тұрғындары көне ғимаратты бұзуға қарсы

Қостанайда Дружба   шағын ауданының тұрғындары дәрі-дәрмек алу үшін 10 шақырым жердегі облыс орталығына қатынайды. Себебі, осыған дейін дәріхана орналасқан ғимаратты әкімдік "апатты" деп жауып тастаған. Оны бұзып, орнына жаңасын салмақшы. Ал бұған көпшілік қарсы. Себебі, бұл көне нысанда дәріханадан бөлек спорттық үйірмелер де жұмыс істеген. Оның да жабылып қалғаны оқушыларға қиын болып тұрғанын айтады.   Сондықтан жергілікті билік мәселені  оңтайлы шешсін деп талап етіп отыр.

Ғимарат әу баста сауықтыру орны болған. Кейін    шағын ауданның  мәдени орталығына айналды. Кітапхана, дәріхана осында болды.Дәрігердің бөлмесі де осы жерде орналасқан. Сондай-ақ спорттық секциялар  жұмыс істеді.   Ал қазір нысан  қаңырап  тұр.

Бауыржан ЖҮСІПОВ, ДРУЖБА ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ғимаратты лезде апатты деп бағалап, бәрін таратып жіберді. Оны бұзу тиімсіз. Көп  қаражат керек. Толық жөндеп берсе жеткілікті. Ең бастысы шатырдан бастау керек. Әрі қарай терезелерін ауыстырып, бөлмелерді ретке келтірсе болады ғой.


Былтыр ғимарат  «апатты» деп танылып,  ондағы үйірмелер тоқтап, дәріхана жабылып қалған. Содан бері тұрғындар  дәрі-дәрмек алуға, дәрігерге қаралуға қалаға қатынайды.  Балалар да үйірме үшін 10 шақырымдағы облыс орталығына барады.   

Оксана БОЧКАРЁВА, ДРУЖБА ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Қалаға жалғыз автобус қатынайды. Оның өзін ұзақ күтеміз. Неліктен ақша шығындап, осылай қиналуға мәжбүрміз? Барлық қызметті осы ғимаратта бір жерден алуға болады ғой.

Тұрғындардың айтуынша, ғимараттың  іргетасы шамамен 30 жыл бұрын қаланған. Оны  апатты   деу қисынсыз дейді. Ескі деген желеумен қиратуға да қарсы. Күрделі жөндеу жүргізсе жеткілікті екенін айтады.  Ал  қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, техникалық тексеріс нәтижесіне сәйкес шешім қабылданған. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр дейді.

Тамара ДАНИЛЬЧУК, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Ғимарат апатты жағдайда. Тұрғындар үшін өте қауіпті. Сондықтан бұзудан басқа амал жоқ. Толық бұзылған соң, орнына барлық талапқа сай келетін  түрлі қызмет көрсету орнымен қамтылатын жаңа ғимарат салынады.


Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Жаңа ғимараттың қашан салынатыны белгісіз. Қала билігі дөп басып айта алмай отыр.Әзірге  жобалық құжатқа қаражат бөліну үшін бюджеттік өтінім дайындалып жатқан көрінеді. Сондықтан шағын аудан тұрғындарына  талай уақыт табан тоздырып,  шаһар орталығына қатынаудан басқа шара жоқ.


З. Санай