$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қызылорда облысына барды

AstanaTV
18.02.2022ж. 20:00
2738
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қызылорда облысына барды

Ел арасында сайлауға деген сенімді нығайтып, сайлау мәдениетін қалыптастыру қажет. Сонымен қатар, байқаушылардың мәртебесін арттыру керек. Қызылорда облысына келген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровке, жергілікті тұрғындар осы тектес ұсыныстарын жеткізді. Сапары барысында төраға сайлау комиссияларының мүшелерімен, саяси партиялардың өкілдерімен және жастармен кездесті. Толығырақ келесі бейнематериалда.

Нұрлан Әбдіров жаңа қызметке тағайындалғаннан кейінгі алғашқы жұмыс сапарын Сыр өңірінен бастады. Ең әуелі сайлау комиссияларының және үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерімен, саяси партиялардың өкілдерімен кездесті. Сұрақ жауап түрінде өрбіген жиында жиналғандар ойларын ашық ортаға салды. Көпшілігінің пікірі байқаушылар мәртебесін өсіру турасында өрбіді.

Сәкен АЛДАШБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бақылаушылар көбіне екінші орында қалып қойып жатады. Ал сайлау бақылаумен өтеді. Бақылау халықтың талабы. Халыққа адалдықты көрсету. Сондықтан ол жерде негізгі байқаушылардың немесе бақылаушылардың мәртебесі жоғары болу керек.


Төраға түс ауа сапарын Сырдария ауданында жалғастырды. Тереңөзек кентіндегі сайлау учаскесінің жағдайымен танысты. Мұнда халық 20-шы ақпан күні кент әкімін сайлайды. Одан соң Нағи Ілиясов ауылында болды. Ауыл әкімін былтыр ел өзі таңдаған еді. «Бұл бастама көптің көңілінен шықты» дейді ауыл тұрғындары.

 Бағлан МЫҒЫМБАЕВ, Н.ІЛИЯСОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Ауыл әкімін сайлау ауыл тұрғындарын келешекте алға қойған мақсаттарының орындалуына және осы ауылда тың идеяларын іске асыруына бірден бір себеп болатын жағдай. Кандидаттардың ішінен ауылдың жалпы жағдайын жақсы білетін. Осы тұстарды қасысы алып кете алатындығына қарап дауыс бердік.


Екі күндік сапарын Нұрлан Әбдіров «Жастар орталығында» қорытынылады. Аймақтың көшбасшы жастарымен кездесіп, электронды дауыс беру форматына көзқарастарын тыңдады. «Мұндай шара өздеріне жауапкершілікті арттырады» дейді олар.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жастар сайлауға өзінің пікірінің, дауысының маңыздылығын түсіне бастады деген ойдамын. Жасырын емес қой, менің дауысым не шешеді деген жастар арасында түсінік бар. Сол стериотив біртіндеп жойылып келе жатқан секілді. Өйткені қазіргі таңда жастар механизм мен нақты ұсыныстар ұсынды.


Мұндай кездесулер еліміздің барлық қалаларында жалғасын табады. Ондағы мақсат ел арасында сайлауға деген теріс көзқарасты жою. Осы тұрғыда ұсыныс-пікірлерді жинақтап, алға қойған міндеттерді нақтылау. Сол арқылы сайлау мәдениет қалыптастыру.

М. Тоқтасынқызы