Нұр-Сұлтанда биткоин өндіретін заңсыз майнинг ферма жұмысы әшкереленді. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады. Тексеру барысында 159 цифрлық криптовалюта мен Bitcoin өндіруге арналған қондырғылар табылған. Соңғы үш айда шамамен 21 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған. Сондай-ақ заңсыз майнинг фермасы Қызылжарда да анықталды. Криптовалюта шығаратын жабдықтар көкөніс қоймасының ішінен табылды. Осы күнге дейінгі шығарылған қаражат көлемі 60 миллион теңгеден асады, дейді құзырлы орган өкілдері. Қазір сала мамандары ферманың қашаннан бері жұмыс істеп келе жатқанын анықтауда.
Виктория ПИВОВАРОВА, СҚО БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Майнинг ферма айына 146 мың киловатт электр энергиясын тұтынып келген. Тексерістің нәтижесінде 273 шифрландыру кешені анықталды. Аталған факті бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 214 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Егер кінәсі дәлелденсе, онда екі мың айлық есептік көрсеткіш ретінде айыппұл тағайындалады немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің қызметкерлері бірлесіп, соңғы бес күн ішінде республика бойынша 13 майнинг фермасын анықтаған.
Б. Сатуов