Қаңтардағы оқиға салдарынан алматылық полицей қос бүйрегінен айырылды. Бұзақылар Ғазиз Нұрғалымовтың аяқ-қолын сындырып, басын жарған. Жабылып тепкілеген. Ауыр соққы алған тәртіп сақшысы қазір қаладағы ауруханалардың бірінде жатыр. Сол күнгі оқиға туралы өзі баяндап берді.
Қалада тәртіпсіздік басталған күні Ғазиз Нұрғалымов өзге әріптестерімен бірге алаңда болды. Бүлікшілерге тосқауыл жасау кезінде оны топтасқан адамдар қыспаққа алған. "Басымнан ұрып, аяусыз тепкіледі" дейді.
Ғазиз НҰРҒАЛЫМОВ, ӘУЕЗОВ АУДАНЫНЫҢ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Біреу мойнымнан соқты темірмен, сол жақтан. Талып қалдым. Сразу айтты почка істемей жатыр, қан қысымы көтеріліп жатыр. Тесіп мойнымды трубкалар қойды, экстренная аппаратқа қосты. Көп жүруге болмайды. Гемодализдан кейін шаршайсың. 6 – 12 сағатқа дейін қозғалмай жатасың.
Бүлік кезінде 200-ге жуық полицей зардап шеккен. Бұзақылық әрекетті жасады деген күдіктілер біртіндеп ұсталып жатыр. Арасында көлік ұрлығымен қамалғандар да бар.
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
1986 жылы туған азамат, сауда үйінің қасында тұрған ВАЗ-2114 маркалы автокөлікті тізгіндеп ұрлап кеткен болатын. Бірақ бұл азамат полиция қызметкерлерімен талғар қаласының жолында қолға түскен болатын. Бұрын соңды бұл азамат 3 рет сотты болған.
Күдіктінің ісі қылмыстық кодекстің «бөтеннің көлігін заңсыз иелену» бабымен тергелуде. Шаһарда тағы бір қару-жарақ арсеналы жасырылған орын анықталды.
Азамат АМАНЖОЛОВ, АЛМАТЫ қ. ЛА-155/18 ҚАЖД МЕКЕМЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл орын қақтығысқа қатысы бар деген күдіктілерден жауап алу кезінде анықталды. Олар Медеу трактіне апаратын орман белдеуінде жасырын қойманың барын мойындады. Яғни ұсталғандар ол қару-жарақтарды бізге дейін тығып үлгерген.
Шолақ мылтық, патрондар мен гранаталар сот-баллистикалық сараптамаға жіберілген. Соның қорытындысы бойынша қару-жарақтың заңды иесі анықталмақ.
Ә. Лесбек