Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Елорда тұрғыны автобустың есігін сындырған

AstanaTV
22.02.2022ж. 20:00
829
Елорда тұрғыны автобустың есігін сындырған

Елордалық тұрғын автобустың есігін сындырды.  Жүргізушімен керісіп қалған көрінеді.  Куәгерлердің айтуынша, мәселе қоғамдық көлікте адамның көп болуынан туындаған. Тіршілік қайнаған мегаполисте автобус неге жетіспейді?

Олардың жүру жиілігіне қатысты проблема қашан шешіледі? Тілшіміз Әсел Дүкембаеваның бейнематериалы.

Бұл бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.  Компанияның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, таңғы 7 шамасында  автобусқа мінген жолаушылар алдыңғы есікте кептеліп қалған.  Бұл  жол бойында айтарлықтай қолайсыздық туғызды дейді. Сондықтан жүргізуші жолаушыларға жақын маңдағы аялдамадан түсіп, келесі автобусты күтуге кеңес берген көрінеді. Оған бірақ жолаушылардың бірі ашуланып, есікті сындырып кеткен.  Ал куәгерлердің айтуынша, қоғамдық көлік ішінде адам көп болғандықтан есік сынған. Өкінішке қарай, мұндай жағдай бас қалада жиі болады.  Әсіресе, таңғы және кешкі уақытта автобустар аузы-мұрнынан шыға лық толады. Немесе оны сағаттап күтіп шаршаймыз дейді тұрғындар.

БЛИЦ:

- 15 автобус, сороковойда тұрамын мен, өте редко аз жүреді. Жарты сағат күтеміз кейде 40 минут.

- Кем дегенде 15-20 интервал ұзақ, былай айтқанда олар 5 минут дейді. 5-6 минут дейді какой ол, сәйкес келмейді анау  жүрген жүріске сәйкес келмейді.


Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:

Дәл қазір, министрлік үйінің жанындамыз, аялдамада өздеріңіз көріп тұрғандай адам көп емес,  бірақ кешкі уақытта бұл жерде қала тұрғындары 3 есе көбейіп кетеді. Келген автобустардың іші лық толы болады,  сондықтан кейде тіпті  сыймай қалып қоятындар  кездеседі.


Көлік бақылау департаментінің мәліметінше, мәселе автобустардың және оны жүргізушілердің жетіспеушілігінен туындап отыр.  Қоғамдық көлік жүргізушісіне қойылатын талап жоғары.  Кем дегенде 5 жылдық тәжірибесі бар маман ғана қабылданады.   

Науат АЗАНБАЕВА, "CTS" ЖШС ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазіргі таңда бізде 400 автобус тапшы, оның үстіне 800 жүргізуші жетіспейді. Жүргізушілердің тәжірибесін қайтадан қарастыру керек. Қала өсіп келе жатқаннан кейін, үй салынса, мекеме салынса көліктік мамандармен ақылдасып, жүзеге асыру керек деп ойлаймын.  

Қазір Нұр-Сұлтан қаласында  мыңнан астам автобус бар. Бірақ кадр тапшылығын шешпей мәселе реттелмейді дейді мамандар. Бұл жалғыз елордада   емес, еліміздің  барлық өңірінде  өзекті. Сондықтан жүргізушіні жұмысқа алу талаптарын өзгертпесе, мәселе қаз-қалпында қала береді.   

Ә. Дүкембаева