Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Небәрі 8 жыл бұрын салынған Шіркейлі ауылдық емханасы апатты жағдайда

AstanaTV
22.02.2022ж. 20:00
2178
Небәрі 8 жыл бұрын салынған Шіркейлі ауылдық емханасы апатты жағдайда

Қызылорда облысы Шіркейлі ауылындағы емхана дәрігерлері тұрғындарды әкімшілік ғимаратында қабылдауға  мәжбүр. Себебі, осыдан небәрі 8 жыл бұрын салынған емдеу мекемесі апатты жағдайда.  Қабырғасы қақырап, төбесі ортаға түсейін деп тұрған нысанды  адам өміріне қауіпті болғандықтан мамандар  мөрлеп,  жауып тастаған.    Өңірдегі тілшіміз  Мөлдір Тоқтасынқызы толығырақ айтады.

Бұл ғимараттың салынғанына  небәрі 8 жыл болған. Бірақ қазір халық  оның игілігін көре алмай отыр. 2019 жылы бір жарым млн. теңгеден аса қаржыға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.  Соған қарамастан,  нысан пайдалануға жарамсыз деп танылған.  Былтыр  мамандар есігіне құлып салып, терезелеріне дейін мөрлеп кетті дейді тұрғындар.  

Алмасбек СҮЛЕЙМЕНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Неге қабылдағанын қайдам? О, баста қабылдаған кезде сол жарылып тұрған. Өзбектер істеді, істеді де кетті. Жарылып тұр, төбесі құлайын деп тұр. Адам өледі ма?
 
Жұмабек КӨПБЕРГЕНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Іші жарылып-жарылып кетті ғой. Құлайын деп тұр ғой. Сосын оны не істейді, бәрін ат үсті істеп кеткен ғой. Оған қаншама ақша жұмсалды. Ол новый медпункт дейді. Ол келмейді-ау, бұзып қайтадан салады ау.
 
Қазір ауылдағы 3 мыңға жуық тұрғын   әкімшілік ғимаратында ем алуға мәжбүр. Ол да бұрын білім ошағы болған. Салынғанына жарты ғасырға жуықтаған  нысанда жайлы жағдай жасалмаған. Алайда аудан бас дәрігерінің айтуынша,  барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.  Ал дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізіледі дейді.

Нұржамал ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, СЫРДАРИЯ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Сарапшылар ғимараттың тұтастығында ақауларды анықтап, апаттық жағдайда деп қорытынды берген. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға өткізілді. 2022 жылдың 15 наурызына дейін қорытындысы дайын болып, ғимаратқа күрделі жөндеуге сұраныс тапсырылады. Алдын ала жасалған есеп бойынша 75 млн теңге қаражатты қажет етеді.


8 жыл бұрын 69 млн. теңгеге салынған жаңа ғимарат енді 75 млн. теңгеге қайта жөнделмек. Ал тұрғындар апатты емхананы  қыруар қаржыға жамап-жасқағанмен болашағы қалай болар екен деп алаңдаулы.

М. Тоқтасынқызы