Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Табысы күнкөрісіне жетпеген 8 мыңға жуық жас буын шетелге кетуге мәжбүр болған

AstanaTV
24.02.2022ж. 20:00
1292
Табысы күнкөрісіне жетпеген 8 мыңға жуық жас буын шетелге кетуге мәжбүр болған

Былтыр 8 мыңға жуық қазақстандық жас  жайлы өмір іздеп өзге мемлекетке аттанған. Өйткені, біздің елде  жалақы аз дейді. Сарапшылар мұндай құбылыс   болашақ үшін қауіпті деп санайды. "Шетелде жұмыс күші бізге қарағанда едеуір бағаланады" деген студенттердің бірімен әріптесім тілдесіп көрді.

20 жастағы елордалық Әділ жаз шыға шетелге аттанбақшы.  Өзге елде жұмыс істеп, қаражат жинап, Қазақстанда кәсіп ашу жоспары бар. Себебі, елде бір жалақымен жүріп, ақша жинамақ түгілі, күн көрудің өзі қиын дейді.  

Әділ ДЕСКЕЛДІ, СТУДЕНТ:

Төрт жыл білім алып, кейіннен 100-120 мың теңгелік айлыққа жұмыс істегенше, шетелге барып келгенім артық. АҚШ Пенсильвания штатына қонақ үйде жұмыс істеуге бара жатырмын. Сағатына 14 доллардан төлейді.


Сенатор Динар Нөкетаеваның дерегінше былтыр шетелге жұмысқа кеткен жастардың саны 8,9 процентке өскен. Депутат осыған алаңдаулы. Ол қазақ "гастарбайтерлерінің" үлкен армиясы  құрылып жатқанын айтады.    

Динар НӨКЕТАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:


Жастарымыз Қазақстаннан өзіне лайықты жұмыс таппай, өзін және отбасын асырай алмай, жақын және алыс шетелдерге жұмыс істеуге көптеп кететін болды. Былтыр елімізден 18 бен 35 жас аралығын құрайтын  7,5 мыңға жуық қазақстандық елден кеткен.

Әлеуметтанушы Нұрлан Байғабылов та жастардың шетелге жұмысқа аттанып жатқанын құп көрмейді. Оның пайымынша бұған жалақы, жұмыссыздық қана емес, басқа факторлар да әсер етіп отыр.  

Нұрлан БАЙҒАБЫЛОВ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:


Әрине, ұзақ уақытқа көшіп кету, сол жаққа тұрғылықты қоныс аудару мемлекет үшін кері әсер етеді. Және де өзінің кәсіби әлеуеттігін, потенциалын толық жүзеге асыру мақсатында шетел олар үшін тартымды болып саналады.

Мамандар қауіптің алдын алуға шақырады. Жалақының аздығы жас жұбайлардың ажырасуына да үлкен себеп болып отырғанын айтады. Сондықтан бұл мәселені мықтап қолға алған жөн дейді.   

Д. Жарқынбек