$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ұлыбритания халқының басым бөлігі Еуро Одақтан бөліну керек деп шешті

AstanaTV
25.06.2016ж. 20:00
2639
Ұлыбритания халқының басым бөлігі Еуро Одақтан бөліну керек деп шешті

Ұлыбритания халқының басым бөлігі болса Еуро Одақтан бөліну керек деп есептейді. Және солай болады да. Жұмада өткен референдумда 51,9 пайыз кетеміз деп дауыс берді. Бұл оқиғаның шын мәнінде ғаламдық маңызы бар.

Би-би-си студиясында социолог Джон Кертис былай деген: «Лондон және университеттер бар қалалар ауыл және өндірістік Англияға жеңілген референдум. Космополиттік және либералды Британия иммиграция ағынынан шошынған консервативті халқынан жеңілген референдум». Сонымен Британияның премьер-министрі Д.Кэмерон отставкаға кететінін мәлімдеді. Ол Еуро Одақ құрамында қалуды жақтаған болатын. Британияның Еуро Одақпен "ажырасуын" басқа үкімет рәсімдейді. Оның бірнеше жылға созылатын процесс екенін айту керек.

 Іскерлер, қаржы салаларының қызметкерлері, биржалықтар, оқыған-тоқыған қалалықтар, әр саладағы белгілі адамдары еуро скептиктердің аз еместігін білетін, бірақ өздерінің жеңісіне күмәнданбаған-ды. Еуро Одақ шенеуніктері де солай ойлаған. Керісінше болып шықты.  Келімсектердің ағынынан, соған байланысты әлеуметтік проблемалардың ушығатынынан сескеніп, іргені аулақ салу керек дегендер жеңді. Оларға  Еуро Одақтың бюрократиясынан шаршаған ауыл шаруашылығы, өндіріс ошақтарының жұмысшылары қосылды. Жалпы, Еуро Одақ үшін саяси жағынан өте жағымсыз факті ғана емес, ауыр экономикалық соққы да. Британияның өзі де экономикалық жағынан әлсіреуі мүмкін. Бірақ Британия мықты империялық рухын ғана емес, қуатын да жоғалтпаған ел.

Айдархан Құсайынов, экономист:

Егер Британия Еуро Одақтан шықса, Ресейге салынған санкциялар алынуы мүмкін. Немесе жұмсаруы мүмкін. Себебі Британия Ресейге санкциялар салудың жарқын жақтаушысы. Ал санкциялар жұмсарса, Ресей экономикасы көтеріле бастайды. Ол бізге жақсы ықпал етеді. Бірақ нақ референдум қорытындысы бізге фундаментальді түрде әсер етпейді. Біздің өз проблемаларымыз жетеді...

Қазақстандық шенеуніктердің ішінде Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев комментарий жасаған - Бұл Берлин қабырғасының құлауымен салыстыруға болатын оқиға. Тек ол кезде біріксе, қазір ажырап жатыр. Осы оқиғадан кейін мұнай бағасы ғана емес, фунт стерлинг ғана емес, еуро да құнсызданды. Ал доллар керісінше, өсті, алтын да өсті. Қазыналық қағаздар қымбаттап отыр. Қазір тараптар абдырап қалды, нарықтар нервіленіп реакция берді- дей келе, Британияның Еуро Одаққа "жоқ" дегенінің Қазақстанға тікелей ықпалы болмайтынын айтты. Алайда қазір әлемде бәрі бір-бірімен байланысты екенін еске салды. Яғни біз де мұнай бағасына, пайыздық мөлшерлемелерге, валюталар бағамдарына тәуелдіміз, ендеше  мүлдем әсер етпейді деуге болмайтынына нұсқады.

Жалпы, бұл референдум туралы құрғақ, аз-маз ақпарат бере салуға болмайды. Жақсылап екшейтін тақырып. Себебі кешіріңіз, Еуро Одақ Британия сияқты мүшесінен айырылса, бұл  бір процестердің қоңырауы деген сөз. Тек, экономикалық бірігу дегеннің жалғыз жол еместігін көрсеткені неге тұрады. Әрине, ол үшін Британия сияқты болу керек те шығар... Сондықтан алдағы уақытта ораламыз.