Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Мидай араласқан миграция...

AstanaTV
25.06.2016ж. 20:00
5007
 Мидай араласқан миграция...

Транзитпен өтетіндері бар, елімізге жылына миллион мигрант келеді екен. Оларға байланысты мәселелер белгілі – заңсыз жұмыс істейді, жұмыс берушілері салық төлемейді. Солардың да кесірінен жергілікті жұмысшылар төмен жалақы алады. Мигранттардың қылмыстық әрекеттерге баратыны да рас. Бірақ олардың жаппай қаскөй еместерін қаперде ұстау керек.Олар да адам баласы. Алайда оларды құлша жұмсайтындар бар. Құл ғып сатқандар болған...

 Ақтөбедегі терактіден соң билік миграция – көші-қон мәселесін қолға алатындарын айтқан. Оның сан-тарау аспектілері бар. Ішкі миграция – ауылдан қалаға келетіндердің тіркеу мәселесі тоң боп қатқан проблема екенін өткен бағдарламада айттық. Ал сырттан жұмыс іздеп келетіндердің миграциясын қалай бақыламақ? Өз азаматтарымыздың тіркеу мәселесін шеше алмай отырғанда, шетелдіктерді қалай заң аясында жұмыс істетпек? Олардың ойын, мақсатын, көзқарасын қалай білмек? Адамның ішкі дүниесін тану мүмкін бе? Себебі «миграцияны бақылау» дегенде олар «бөтен ойлы» азаматтарды анықтауды да ойлап отыр ғой. Мәселенің кейбір қырларына Құралай Пионер тоқталады.

Жаһандану заманында кеңінен құлаш жайып, әрі дүйім елдің проблемасына айналған заңды һәм табиғи үрдістің бірі бұл – көші-қон. Қоныс аудару, бір жерден екінші жерге тұрақ алмастыру, әрине, көшпенді мәдениетте байырдан қалыптасқан құбылыс. Тек бүгінде оның функциясы өзгерген. Яғни, енді «мигранттар, еңбек мигранттары» деген ұғым бар. Ал ол – мемлекеттікке біршама әлеуметтік қиындық туғызатын мәселе.

Шавкат Ысмайылов, «Мигранттар құқтарын қорғау» жобасының жетекшісі, сарапшы:

Қазақстанға кірген мигранттар санын нақты айту мүмкін емес. Себебі, мысалы, Қырғызстаннан Қазақстан арқылы Ресейге өткен азаматтармұнда 2 күн болса да заң жүзінде мигрант болып есептелі. Ал ондай кісілер күніне мыңдап жүреді. Оларды қоса алғанда, Қазақстанға жылына 1 млн. шамасында мигрант кіреді екен.

Көші-қон заңнамасына сәйкес, әрбір еңбек мигранты Қазақстан бюджетіне 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде салық төлеуі тиіс.Бірақ бюджетке олардың он пайызынан  түссе жақсы. Міндетті салық шетелдік азаматқа жұмыс берген тұлғаға да артылған. Тек лауазымды, дипломатиялық қызметте болмаса, өзгесімен қажетті еңбек келісім-шарты көп жағдайда жасалмайды. Кесірінен келімсектер қаптап жүр. Ал бұл –заңсыз әрекет.

Егер көші-қон полициясы берген мәліметке сүйенсек, бір Астананың өзіне соңғы 5 айда 61 мың шетелдік азамат кіріпті. 46 мыңы жақын аймақтың, 15 мыңға таяуы шалғай елдердің өкілі. Соның 4 мың 297-і көші-қон заңын бұзып, әкімшілік жауапқа тартылса, 1062-і Қазақстаннан шығарылған. Айыппұл есебінен қазынаға 18 млн. 212 мың теңге түскен.

Еркін Шомбинов, Астана қалалық ІІД көші-қон полициясы басқарма басшысының орынбаcары:  

Соңғы уақытта Филиппин, Тайланд, Малайзиядан көп еңбек мигранттары келетін болды. Бала күтуші немесе массаж жасаушы ретінде. Әйтпесе, өзгесі өзіміздің көрші елдің азаматтары еді. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Украинадан келген. Әсіресе, жаз маусымында құрылысқа шығатындары көп.

Ал 2015 жылы бас қалаға 54 мың шетелдік кіріпті. Дегенмен бұл тәуелсіз ұйымдардың дерегімен сәйкес емес. Олардың санағы бойынша, келімсектер  бізде одан да көп. Мәселен, «Жария»  қоғамдық қоры соңғы екі жылдан бері мигранттар мәселесімен айналысып жүр. Барлауларына қарағанда, елімізде рұқсатсыз жүргендер саны ресми көрсеткіштен 3 есеге жоғары.

Қанат Мырхайдаров, «Жария» халықаралық орталығы» қоғамдық қорының президенті:

Мысалы былтыр Астана қаласына 130 мыңнан астам мигрант келіп кеткен. Бірақ соның 10 пайызы, 13 мыңнан астамы ғана жұмысқа рұқсат алған. Ол дегеніміз, қалған мигранттар рұқсатсыз жұмыс жасайды.

Бюджетке ақша түсірмей жүрген шетелдіктің бірі – 48 жастағы Фарад Мұса. Мына самсахананың бір айдан бері аспазшысы.Әрине, заңсыз мигранттың қолында  құжаты да жоқ.

Бейнедыбысьық қыстырма: Қай жақтың азаматысыздар? – Өзбекстанның. – Жеке құжатыңыз бар ма? – Жоқ, әзір жоқ. – Бұл жерде кім болып істеп жүрсіз? – Самса пісіреміз. – Қашан келдіңіз? – Жақында келдік.

Инспекторлар азаматты бөлімшеге әкетті. Егер құжаты мен заңды тіркемесі табылмаса, қанша жерден дәмді самса пісірсе де ол Өзбекстанға экстрадициялануы мүмкін. Мына топтасып тұрған серілер де гастарбайтерлер. Тәжікстаннан келген. Қазір Астананың құрылысында еңбек етіп жүр. Бүгін көші-қон полициясына тіркеу мерзімін создыруға келген. Заңға сәйкес олар құжаттары болса, 1 жылға дейін осында жүруге құқылы.

Сайфу Уатхан, Тәжікстан азаматы:

Әр 3 ай сайын заңнама бойынша тіреуді ұзартып тұрамыз. 2-ші жыл болды Астананың құрылыста жүрміз. Менің 3 балам бар. Соларды асырау керек. Тәжікстанда жұмыс жоқ.

Сайфу Уатханның бұған дейін жұмыс істеп,Ресейде 5 жыл жүріпті. Мигрант ретінде Қазақстанммен салыстырары да бар.

Сайфу Уатхан, Тәжікстан азаматы:  

Мұнда әзірге ешкім алдап, еңбекақымды жеген жоқ. Нағыз қиындықты Санкт-Петербургте жүргенде көрдім. 3 жер қатарынан ақшамды бермей, тентіретті. Кері қайтарға қаражат таппай, қайыр сұрап кете жаздадық. Сізде де адамдар мейірімді.

Иә, қазақ мейрімді болған соң шығар, рұқсат алғаны, алмағаны бар келімсектердің, қаптап жүретіні. Бірі құрылыста, бірі асхана маңын жағалап, үшіншісі көше сыпырып, енді бірі  ауқаттылардың үй-шаруасына тартылған. Ішіміздегі көші-қонды реттей алмай жатқанда оның да қиындығы қосарланып тұр. Бейресми ақпарға қарағанда, қылмысқа баратындардың 20 пайызын бізде мигранттар құрайды екен. Көші-қон полициясы олар көбіне  ұсақ ұрлық-қарлық жасайды дейді. Бірақ адам өлтіруге дейін баратындары да жоқ емес. Мәселен, 2013 жылы Өзбекстаннан келген сондай бір азаматАлматыда бүтін бір отбасын қырып салған еді. Қаскөй сол үйде жалданып сылақшы болып жүріпті. Отағасы жоқта оның бауыры мен 2 ұлын, әйелін буындырып, тыққан ақшасын алып кеткен. Қылмыскер өмір бойына абақтыға тоғытылды.

Сырттан ағылатын еңбеккерлерді тексеруге тағы бір себеп – соңғы уақытта жиілеген ланкестік жайттар де түрткі болуы тиіс. Өйткені ондай қауіп шеттен де келуі бек мүмкін. Алайда шекарадан бері өткендердің миссиясын тексеретін маман Қазақстанда жоқ.

Еркін Шомбинов, Астана қалалық ІІД көші-қон полициясы басқарма басшысының орынбаcары:  

Діни көзқарастарын анықтай алмаймыз. Оны болжауда мүмкін емес. Ал жалпы мигранттардың арасында ланкестік әрекетке барған азаматтар тіркелген емес.

Жалпы мигранттар мәселесі бір заңды өзгертумен ғана шешілетін, реттелетін іс емес. БҰҰ дерегіне сүйенсек, Қазақстан дүниежүзінде мигранттар саны жағынан 10-шы орында тұрған ел екен. Онда жылына қазақ жеріне 3,5 млн. мигрант кіреді деп келтіріпті. 50 пайызын ТМД өкілдері құраса, 10 пайызын Қытай азаматтары делінген. Шын мәнінде мигранттар саны қанша, оны біз біле алмадық ІІМ екі қайтара сұрау тастасақ та, статистиканы шығарып бермеді. Өйткені олардың да санағы жүйеленбеген сияқты...

Құралай Пионер, Ерасыл Құрманғалиев, «Біздің уақыт».