Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағанды облысындағы қарасан...

AstanaTV
25.06.2016ж. 20:00
8213
Қарағанды облысындағы қарасан...

Қарағанды облысы, Шет ауданы, Еркіндік ауылында қарасан ауруы шығып, оны жұқтырғандардың арасында екі адамның ажал құшуына байланысты мынадай түйіндер: біріншіден, ауылдардағы ветеринарлардың жұмысында «инфекциялар» бар, екіншіден, өміріне қауіп төнгенін сезіп келген адамға қарамайтын дәрігерлер бары кезекті рет дәлелденді. Үшіншіден, ауру малды «арам қатқанша» деп, сойып алатын әдеттен арылған керек. Бұл өмірімізге қалай қарайтынымыздың бір көрсеткіші. Көзін жоятын әдет... Айтпақшы апта соңында Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғынынан қарасан анықталғанын Денсаулық сақтау және әлеуметтік министрі хабарлады. Тағы бір ақпарат – Қарағанды облысының әкімі ауыл шаруашылық және ветеринария саласына жауапты бірнеше адамды жұмыстан босатқан, екі орынбасарына сөгіс жариялаған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев та сөгіспен құтылыпты. Оған аймақ басшысы дәрігерлердің салақтығы мен өз қызметтерін дұрыс атқармағаны анықталған жағдайда ғана оларды жауапқа тартуды тапсырған.

Қарағанды облысындағы қарасан оқиғасын Айжан Қуаш баяндайды.

Еркіндік ауылынан шыққан кеселге шалдыққан 9 адамның екеуі көз жұмды.  Марқұмдардың біреуі- Мәдинаның күйеуі. Әйелдің айтуынша, маусымның 7-де Кәкен Қажыкеновтің қолына інісінің сиырын сойысқан соң бөртпе шыққан.Басында мән бермеген, кейін жарасы асқынғанын байқайды. Оның үстіне,дәл сондай жара ұлдары Нұртілеудің де қолында пайда болған.Әкелі балалы екеуі сонау 200 шақырымдағы ауылдан 18-інші маусым күні облыс орталығына келеді. Бірақ,не тері ауруларының ауруханасы, не орталық диагностикалық орталық науқастарды «жолдамаңыз жоқ» деп қабылдамай қойған.

Мәдина Қажыкенова, Қарағанды облысы шет ауданы еркіндік ауылының тұрғыны:

Менің жолдасым осыдан суббота күні ауырғанда шыдай алмаған соң осы Қарағандыға келді. Ешқандай больница «направление жоқ» деп алғанжоқ. Қайтадан Ағадарыға барып, направлениемен скорыймен уже тяжелый болып келдік. Осының бәрі дәрігерлердің кінәсі. Егер больница алғанда ол тірі қалар еді ғой.

23 жастағы Нұртілеу қазір облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр. Науқас ауыр халде келген әкесін қабылдамай қойған, тіпті, тым болмаса жарадан сынама алмаған ақ халаттыларды жауапқа тартуды сұрайды. Телефон арқылы бізге берген сұқбатында жігіт сол күні ауруханаларда болған жайтты бүкпесіз айтып берді.

Телефон арқылы:  Нұртілеу Қажыкенов, Қарағанды облысы шет ауданы еркіндік ауылының тұрғыны:

Әкемнің ол кездегі жағдайын көрсеңіз, түрі, қолы, бәрі ісіп кеткен. Ауру адамның халінде тұрды.Өлетінінен 3 күн бұрынғы кісіні есестетіп көріңіз өзіңіз. Бәрі бұл бұлін жауап беруі керек. адам өліміне әкеліп соққан жағдай бұл.

Расында да екі бірдей адамға бір-бірінен аумайтын жараның шығуы, науқастардың ауылдық жерден қалаға арнайы келуі,оның үстіне біреуінің ауыр халде болғаны дәрігерлерге еш күдік туғызбағаны өкінішті.Бұны қызметіне жауапсыздық демеске болмас. Алайда, ақ халаттылар өздерін кінәлі сезінбейтін сияқты.

Ержан Нұрлыбаев, қарағанды облыстық денсаулық басқармасының бастығы:

Науқастың келгені рас. Екінші саусағының жарақатын көрсеткен. Ол тұрмыстық жарақат болған. Біздің дәрігерлер күдіктену үшін мал сойған кезде жараланғанын айтуы керек еді. сол кезде мүмкін инфекциялық ауруға күдік туар ме еді?

Телефон арқылы: Нұртілеу Қажыкенов, Қарағанды облысы шет ауданы еркіндік ауылының тұрғыны:

Мал сойғаннан бізде жарақат болған жоқ. Қолында жарасымен жүріп, қолын жаралап алған. Мен ауылда 3-4 адамда осындай жара бар деп айттым. Дәрігерлер оны тыңдаған жоқ.

Жапа шеккендердің айтуынша, төтенше жағдайға ауыл ветеринары да кінәлі. Ол да ауырған сиырды көре тұра, малдан еш сынама алмаған.

Мәдина Қажыкенова, Қарағанды облысы шет ауданы еркіндік ауылының тұрғыны:

Мал дәрігері келіп қараған. Отравление, жеуге болады деген. Сосын оны сойған.

Марат Мұқтаров, ҚР ауылшаруашылық министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының  жетекшісі:

Сол күні ветфельдшер малды қараған. Тірі уақытында бұл ауруды тірі малға қою мүмкін емес.Өте қиын жағдай. Тірі кезінде еш диагноз қойылмайды.Үш күн өткеннен соң малдың иесі жаңағы ветеринардың рұқсатынсыз малды сойып қойған. Ережеге сәйкес мал сояр алдында міндетті түрде ветеринарлық маманға айту керек, хабарлау керек. Сол мамандардың қатысуымен мал сойылу керек.

Құқық қорғау органдары бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 327 –нші, яғни ветеринарлық қағидаларды бұзу бабымен қылмыстық іс қозғады. Сойылған малдан алынған сынамалар сібір жарасы, қазақша айтсақ, қарасан дертін анықтады.Ауыл ветеринарының салақтығының кесірінен, ауылда карантин жарияланып, 73 тұрғын медициналық бақылауға алынды.Оның 21-і бала. Эпидемиологтар қазір ауылда зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауылдан ары-бері қатынауға, ет,сүт өнімдерін тасымалдауға қатаң тыйым салынды. Қаңғыбас иттер мен мысықтар құртылып жатыр.Мамандар сойылған малға инфекция топырақтан жұғуы мүмкін,  не болмаса бұл вакцинаның әсері деген болжамдар айтты.

Саят Мусин, Қарағанды облыстық ветеринария басқармасы жетекшісінің орынбасары:

Қыстан әлсіреп шыққан сиыр көктемде егілген вакцинаны көтере алмауы мүмкін. Өйткені, оның бұзаулары сап-сау. Ойнақтап тұр. Бұрын сібір жарасы болған ошақтар мен мал қорымдарынан жұғуы да ғажап емес. Оның бәрін тексереміз.

Қарағанды облысының Шет секілді шалғай ауылдарында сібір жарасы, яғни,қарасан тіркелген 16 стационарлық ошақ бар. Шет ауданында бұл кесел соңғы рет 1965 жылы анықталған. Эпидемиологтар инфекцияның бір ғасыр бойы өлмейтінін айтады.

Қарасанмен барлық үй жануарлары ауруы мүмкін. Ол аса қауіпті ауру. Шаң-тозаң, ағынды су, ластанған жайылымнан,ауру малдың терісінен, жүнінен, етінен жұғады. Малда алғашқы белгілері - асқазанның бұзылуы , іш кебу мен өту.Адам денесіне қоздырғыш енген соң 2-3 күнде қызылтым,көкшіл түсті дақ пайда болады.Қанды ірің шығуы мүмкін. Адам әлсіреп,сүлесоқ күйге түседі. Дер кезінде сынама алынып,  дәрігерлер қадағаласа, дерттен жазылуға болады.

Сібір жарасынан қайтыс болған екінші адам, 33 жастағы әйел сырқат сиырдың тартылған етін жалап, тұзын көрмек болыпты. Ауырған малды сойып жей салатын ауылдықтар көп. Осындай әдеттерден арылу керек сияқты. Өйткені, медицина мен ауыл ветеринариясында жауапсыздар көп. Олардың жазалануы да екіталай.