$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Лагерьдің ашылмайтынын айтуды «ұмытып» кету...

AstanaTV
25.06.2016ж. 20:00
3431
Лагерьдің ашылмайтынын айтуды «ұмытып» кету...

Осы аптада Ресейдің Карелия республикасындағы балалар лагерінде 14 баланың ажал құшуы әдеттегідей, балалар демалысына байланысты мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Ресей ақпарат құралдары жазып жатқандай, ол лагерьдің былық-шылығы – тәрбиешілердің арақ ішетіні, әлімжеттік көрсетілетіні, салқын, тіпті суық күнде балалардың кір-кір палаткада жататыны, дұрыс тамақтанбайтындары осыдан 5 жыл бұрын белгілі болған. Ата-аналар сол кезде дабыл қаққан, бертінде шағым түсіре бастаған. Ешкім селт етпеген. Лагерьдің демалыс ұйымдастыруға тендерді қалай ұтып алатынын түсінуге ми керек емес – сол баяғы жемқорлық. Ал дауыл соғып тұрғанда балаларды көлге алып шығулары ессіздік, тіпті оңбағандық...

Осы аптада Солтүстік Қазақстан облысындағы Ақжар ауданынан Аққайың ауданына 200 шақырымнан артық жол жүріп жеткен балалар лагерьдің жұмыс істемейтінін ...барғасын естіп, кері қайтқан. Білім саласы шенеуніктері не «ұмытшақ», не ...телефон ұстамайды. Онда телеграмма салған шығар? Жоқ, «тілігрәм» де жібермеген. Өткенде Ақмола облысындағы лагерьде демалып жатқан қыз баланың шыны есікке соғылып, ажал құшқаны ше...

Менің ойымша, әрбір маусым аяқталған соң, лагерьде демалған балалар мен ата-аналардан сұрау керек – не дұрыс емес, қандай кемшілік бар- деп. Сосын келесі маусымға дейін жөндеулері тиіс. Оны әрине, бақылаған керек. Толып жатқан қадағалаушылар мен бақылаушылар заң бұзбайтындарды тексере бергенше, лагерьлерді тексерсін.

Абзал Құрманкиннің материалы. 

Бұл Аққайың ауданындағы Оқжетпес лагері. Демалыс орны бір маусымда 130 баланы қабылдауға қауқарлы. Кейбір көрші аудандарда лагерлер болмаған соң жаз туса болды, оқушылар осында ағылады. Алайда биылғы маусым Оқжетпесте былықпен басталды. Мекемеге лагерь орналасқан Аққайың ауданының  балаларынан бөлек, Ақжар ауданынан 36 оқушы ат арытып келген. Бірақ лагерь дайын емес еді. Барлығы 50 шақты бала жағдайдың жоқтығына қарамастан түнеп шықты. Ал келесі күні қайтадан үйлеріне тараған.

Телефон арқылы:  Гүлзира Әскербай, Әлижан Әскербайдың тәтесі:

Балалар бір күн қонды. Условиялары, ешқандай жағдайлары жоқ дейді. Төсек орындары да дұрыс емес дейді. Бір күн болып сол екінші күні қайтадан қайтып келді. Барғысы келмейді енді олардың. Енді екінші ретте қайтадан басқа лагерге баруға нетпей отыр, анадан кейін беттері қайтып, көңілдері түсіп қалды.

Бір топ баланы Оқжетпеске апарған Ақжар аудандық әкімдігінің қызметкері Болат Мұқашев лагерге арнайы шақыртумен барғанын айтады. Олардың сақадай сай еместігін білмедік,- дейді.

Телефон арқылы:  Болат Мұқашев, Сқо Ақжар ауданы білім беру бөлімінің әдіскері:

Біз лагерге жоспарға сәйкес, демалыс орнының басшысының шақыртуымен бардық. Алдымен маусымның он бесі, кейін он жетісі келіңдер деді. Бірақ лагер дайын болмай шықты. Балалардың көңіл күйлері әрине түсіп кетті. Қазір біз оларды  келесі маусымға дайындап жатырмыз.

Ал Аққайың аудандық білім бөлімінің басшысы ақжарлықтардың  келетінін  білмеген – мыс. Жауапты мекеме өкілдері басқа аудандарға дер кезінде хабар жіберуге үлгермедік,- деп ақталып отыр.

Еділ Жакенов, СҚО Аққайың ауданы білім беру бөлімінің басшысы:

Басқа мекеме директорлары жазғы маусымның ашылуының бастапқы датасына сүйеніп, келген шығар. Балалар лагерде көп болған жоқ. Оның ішінде ақжарлықтар да бар. Біз ешнәрсені жасырған жоқпыз. Иа, шын мәнінде ондай жағдай тіркелсе, мен өз атымнан кешірім сұраймын.

Лагерь эпидемиологтардың сынынан сүрінген екен. Құзырлы орган өкілдері жазғы демалыс орындарына 300-ге жуық талап қойса, "Оқжетпесте" оның 19 -ы орындалмаған. Сондықтан СЭС мамандары олардың бала қабылдауына рұқсат етпеген. Лагердегі дау салғырттықтың салдары деп санайды олар.

Татьяна Горлова, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Талаптарды тым қатал деуге келмейді. Мәселен, киім шкафтары мен қоқыс жәшіктерін орнату, сынған ыдысты пайдаланбау сияқты. Бұл үлкен проблемаға жатпайды. Оны алдын-ала шешуге болар еді. Меніңше, демалыс орнының өкілдері бұл талаптарға бей-жай қарады.

Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің жаңа талаптарына сәйкес биылдан бастап лагердің әр нысаны сумен қамтылуы тиіс. Жазғы маусымның кейінге шегерілуін мекеме жетекшісі осымен түсіндіріп отыр. Оқжетпес лагерінде 11 корпус бар. Барлығы 500 метрге жуық құбыр тартылды. Ауқымды істі бітіреміз деп, біраз уақытты жоғалтып алдық, дейді ол.

Аслан Тілеубергенов, СҚО «Оқжетпес» жазғы демалыс лагерінің директоры:

Биыл әр үйге су өткізіп, жылытқыш қондырғыларын қойып, корпустардың жанынан кәріз шұңқырын қаздық. Кейін эпедемиологтарға әр корпустың суын сараптамаға тапсырдық. Осыған да көп уақыт кетті. Қазір СЭС мамандарының басқа да талаптарын орындап жатырмыз.

"Оқжетпес" басшылығының лагерьдің уақытында  ашылмайтынын хабарламағанын, тиісінше 50 шақты баланың бірнеше жүз шақырым жерге босқа барғандарын  естіген эпидемиологтар дереу бұл фактіні прокуратураға жеткізген. Ізінше бақылаушы орган өкілдері демалыс орнына айыппұл салды. Бұдан бөлек, лагердің мойнында ақжарлықтардың жол шығыны бар.

Жалпы, Қызылжар өңірінде "Оқжетпестен" басқа шабан қимылдаған тағы 2 лагерь эпидемиологтардың қорытындысын ала алмай отыр. Өңірде 16 мемлекеттік лагерь болса, бүгінде оның 13-і жазғы маусымды бастап кеткен.

Ал Карелия Республикасындағы жағдайдан  аулақ болу үшін құзырлы орган өкілдері балалардың саяхатқа шығуын күн тәртібінен мүлдем алып тастаған. Бұқараның пікірінше, демалыс орындарының қауіпсіздігі тың реформаны қажет етеді. Олар әр лагердің жанынан ата-аналар комитеті құрылуы керек деп санайды.

Нона Ефремова:

Ата-аналардың комитеті құрылып, ол жыл соңында жазғы маусымды қорытындылауы керек. Бәлкім, бір ұсыныстары болатын шығар. Мысалы,  қауіпсіздік шарттарын күшейту сияқты талаптар туар. Нәтижесінде баласын лагерге жіберген ана уайымға салынбайды.

Білім саласының шенеуніктері қатып қалған әдістемелер мен бұйрықтар шеңберінен шығып, ата-аналармен ақылдасатын, олардың және балалардың пікірлерін тыңдайтын уақыт туғанын журналистер айтпай-ақ түсінеді деп үміттінеміз.

Абзал Құрманкин «Біздің уақыт».