Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Солтүстік Қазақстанда асфальт зауыты мен жер инспекциясы дауласып жатыр

AstanaTV
04.03.2022ж. 20:00
1790
Солтүстік Қазақстанда асфальт зауыты мен жер инспекциясы дауласып жатыр

Солтүстік Қазақстанда асфальт зауыты мен жергілікті әкімдік дауласып жатыр. Өндіріс орнын салу үшін  кәсіпкер  Подгорный ауылы маңайынан 3 гектар жерді әкімдіктен сатып алған. Алайда, өндіріс орны салынып, жұмыс істей бастағанда, жер инспекциясы бұл аумақтың арнайы табиғи қорыққа кіретінін анықтапты. Сөйтіп, жерді тәркілеп алған.  Кәсіпкер енді "бар мүлкімнен айрылып, жер сипап қалдым",- дейді.  Толығырақ өңірдегі тілшіміз Абзал Құрманкин айтады.

Петропавлдан 15 шақырым жерде орналасқан Подгорный ауылының іргесінде 2018 жылы асфальт зауыты салынған. Кәсіпорын 3 гектар жерді жергілікті әкімдіктен заңды түрде сатып алып, қондырғыларды орнату үшін қыруар қаржы жұмсаған. Алайда, кейін өндіріс ошағы арнайы күзетілетін табиғи аумаққа кіріп тұрғаны анықталды.  Іс сотқа жетті, нәтижесінде  кәсіпорын басшылығы бар мүлкінен айырылып, жер сипап қалды.

Олег ХРУПИН, АСФАЛЬТ ЗАУЫТЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Біз жерді актіге сәйкес мақсатты пайдаландық. Кәсіпорын ауыл маңайында орналасқан. Бұдан бөлек, қазір біздің қасымыздан кірпіш зауыты салынып жатыр. Бірақ оның мәселесін көтеріп жатқан ешкім жоқ.

Тексеріс жұмыстарын жүргізген жер инспекциясы мамандарының айтуынша,  зауыт  «Смирнов» шағын қорығының аумағында тұр.  Қорықтың жалпы ауданы -240 мың гектар. Облыстың төрт ауданын қамтиды.  Ал әкімдіктің кәсіпкерге жерді бұл аумақтан қалай бергенінен олар бейхабар.

Ирина МИКОТИНА, СҚО ЖЕР РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Біз тексерісті табиғатты қорғау прокуратурасының тапсырмасы бойынша жүргіздік. Арнайы құрылғылар мен құжаттардың көмегімен зауыттың түгелдей «Смирнов» табиғи аумағының ішінде тұрғанын дәлелдедік. Бұл ҚР жер кодексінің 109 бабына қайшы келеді.

Бұл мәселеге Атамекен кәсіпкерлер палатасы да араласуда.  Олар  тараптардың басын қосып, проблеманы жүйелі түрде шешуді көздеп отыр.

Айдос КЕҢБЕЙІЛОВ, “АТАМЕКЕН” ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ СҚОФ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Құзырлы органдар арнайы күзетілетін аумақты кәсіпкерден тәркілеуге құқылы емес. Бұл бизнесті қысу болып саналады. Біз бұл мәселені жақын арада толық саралап, үкіметке жеткіземіз.

Палата өкілдерінің айтуынша, қорық  аумағында 30-ға жуық кәсіпорын бар. Мәселе қазір шешілмесе, ол өндіріс орындарының да жабылуы әбден мүмкін.

А. Құрманкин