Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Оралдықтар күнделікті пайдаланып жүрген жолды кәсіпкер жауып тастаған

AstanaTV
04.03.2022ж. 20:00
1259
Оралдықтар күнделікті пайдаланып жүрген жолды кәсіпкер жауып тастаған

Оралда жол дауы. Айта кетелік, екі жыл бұрын жергілікті кәсіпкер тұрғындардың күнделікті қатынап жүрген жолын жауып тастаған. Атқамінерлер бұл жер жекенің меншігінде екенін, сондықтан дауға араласа алмайтынын ашық айттты. Жиырма жыл бойы қатынаған халық енді кімнен көмек сұрарын білмей, арнамыздан көмек сұрады. Жырға айналған жол дауы туралы келесі материалда.

Қазір тұрғындар қалаға жету үшін осы жерден өтеді. Өйткені айналма жолдың ұзақтығы екі шақырымнан асады. Ал жұмыс пен сабаққа асыққандар мына жолмен қиып өтеді. Мұзға тайып, су кешкен жаяу түгілі, көлік мінгендердің де жағдайы мәз емес.

Халық жиырма жыл бойы қатынаған тар жолды жергілікті кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын бетон блоктармен жауып тастаған еді. Осыдан кейін қатынас қиындап кетті. Тіпті жедел жәрдемнің өзін күре жолдың бойынан күтіп аламыз,- дейді бұқара.

Нұрбек ТҰРҒЫН, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына мекеменің басшылығы жапқанынан екі жылдан астам уақыт болды. Әкімдердің ашамыз деп келе жатқанына да екі жылдан астам уақыт болды. Өздері мына жерде тұрмағасын білмейді. Көлігі бар адамдардың өздері әрең кіріп-шығады.

Еңлік БАЖЕНОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Машинам жоқ жаяу апарам, қиын күнде. Мен мына "Ел ырысындағы" тесіктен өтіп, күнде бір күрте жыртып жүрген жайымыз бар. Мына жерді ашу керек. Ыңғайсыз, өте ыңғайсыз, баламен өту ыңғайсыз.


Асан ДЕМЕСІНОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

30-қазанда қала әкімі осы жердегі халықтың басын жинап, уәде берді: осы жерді ашқызамыз деген. Содан кейін 15 күннен кейін ашамыз деді. Одан кейін тағы да соза берді, соза берді, соза берді. Сонан соң, болмаған соң, осы жерденгі ел болып, сол кісінің телефонына хабарластық. Тіпті сөйлесуден қашты, ең соңында айналып келгенде. Ат-басын алып қашты. Енді білмеймін ол әкімнен не үміт, не қайыр?

Даулы жолдың бойында екі жүздей адам тұрады. Дағдарған тұрғындар енді кімнен көмек сұрарын білмей отыр.

Асхат КӨЛБАЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл аумақ 2000 жылдардың басында ала-құла бөлініпті. Түрлі көлемдегі участкелердің кейбірінің иесі әлі нақтыланбаған. Ал мына жол жеке кәсіпкерге тиесілі, құжаттары бар. Сондықтан оған қысым жасай алмаймыз. Бұл - заңсыз. Енді жолдың келесі жағындағы базар иесімен сөйлесіп жатырмыз. Яғни, екі кәсіпкер арасындағы жер мәселесі шешілсе, жол босайды. Сосын жаңадан ашылған жолды мемлекет меншігіне қайтарып аламыз.

Жылдарға созылған дау ақыры жарты күнде шешіліп, бетон блоктар алынды. Екі жылын тар жол, тайғақ кешумен өткізген халық бұл азаптан құтылғанына сенер-сенбесін әлі білмей отыр.

Е. Карин