$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Қазақстанда 9 млн. 800 мың әйел бар

AstanaTV
05.03.2022ж. 20:00
1946
Қазақстанда 9 млн. 800 мың әйел бар

Қазақстанда 9 млн. 800 мың әйел бар. Ол -жалпы халықтың 51 проценті.   Сарапшылардың пікірінше, еңбек нарығында ерлерге қарағанда әйелдер білікті әрі білімді маман  болып саналады.  Аруларға қатысты өзге де қызықты статистиканы тілшіміз Айсәуле Съезбек  зерделеп көрді.

 Әйелдердің басым бөлігі білім беру, әкімшілік пен кәсіпкерлік, қызмет көрсету және сауда салаларында   еңбек етеді.  Бірақ, әйелдерге қарағанда ерлердің жалақысы жоғары көрінеді.  Сарапшылар әлемде ер мен әйел теңсіздігін жою үшін кемі 170 жыл керек деп санайды.

Әсем АЛДАНҒАРҚЫЗЫ, ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 
 

Елімізде экономикалық белсенді халық саны - 9,3 млн. Соның 4,5 млны әйел адамдар. Ал 450 мың жұмыссыз халықтың ішінде 253 мың әйел бар. Осы экономикалық белсенді халықтың ішінде 2020 жылғы нәтиже бойынша ер адамдардың орташа жалақысы 244 мың болса, әйел адамдарда бұл көрсеткіш 183 мың теңге.


Статистика бойынша, қазақстандық әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы – 75 жыл.  Аруларымыз   орта есеппен 24 жасында некеге тұрады. Ал тұңғышын 29 жаста дүниеге әкеледі екен.  Ал оларды қандай мәселе толғандырады? Оны нәзік жандылардың өзінен сұрап білдік.   

БЛИЦ:

- Әйелдерге кейбір аудандарда қысым жасалатын сияқты. Ал қалада әйелдердің теңдігі бар деп ойлаймын. Нұр-сұлтанда негізі бар. Қазіргі таңда көп мүмкіндік жасалған дамуға, білім алуға.

- Ешқандай кедергі жоқ. Қазақстанда барлық жағдай жақсы жасалған. Қазіргі таңда жастарға көңіл бөліп жатыр. Бақыттымын мен негізі осы Қазақстанның азаматы болғаныма.
 
- Денсаулық сақтау саласынан басқа да саяси салада әйелдерді көбірек көргім келеді. Өйткені елде саясаттағы әйелдердің үлесі тым аз. Үш-төртеу ғана.  Менің ойымша, әйелдер ерлерге қарағанда саясатта табысты еңбек ете алады.


Жоғары мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі шынымен аз. Қазір сенатта -9, Мәжілісте  -28 әйел депутат бар. Ал Үкіметте 1 ғана министр әйел. Облыс әкімі лауазымында да дара – Әбдіхалықова Гүлшара.   

А. Съезбек