$524.24 €612.94 ₽6.68
×

"Үйін қалай таза ұстаса, көшедегі өздеріне бекітілген аумақты айнадай ғып тазалайды"

AstanaTV
05.03.2022ж. 20:00
2734
"Үйін қалай таза ұстаса, көшедегі өздеріне бекітілген аумақты айнадай ғып тазалайды"

Оралдық қыз-келіншектер де ер азаматтармен бірге иық тірестіріп, еңбек етіп жүр. Жұмысым ауыр деп ешқашан мойыған емес,  табандылығы мен еңбекқорлығы көпке үлгі етуге тұрарлық. Өз ісіне адалдығымен танылып, жауапкершілік жүгін сезінген абзал жандар туралы Еркін Карин баяндайды.
 
Сәния Махмұдова бұған дейін байпақ басатын кәсіпорын мен болат балқытатын зауытта еңбек еткен. Қазіргі жұмыс орны - қала тазалығына жауапты кәсіпорын. Мұнда 14 жылдан бері табан аудармай қызмет етіп келеді: жазда көшенің шаңын сыпырып, қоқысын жинаса, қыста қар күреп, жолдың мұзын ояды. Көктем мен күзде де қарап отырған емес.
 
Сәния МАХМҰДОВА, ЖОЛ ТАЗАЛАУ КӘСІПОРНЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Жолда кетіп бара жатады машинамен, сок бірдемелерді ішеді де, баклажкаларын жолға лақтырып кетеді. Сол кезде жаның ашиды. Қоқыстарын   контейнерге апарып тастаса екен. Кез-келген жерге тастамасын, өзіміздің туып-өскен қаламызды таза ұстағанымыз өзіміз үшін жақсы.

 
Орал қаласының тазалығына жауапты жол пайдалану мекемесінде 750 адам жұмыс істейді. Соның жүзден астамы - қыз-келіншек. Олардың  жұмысқа деген адалдығына басшылық риза.
 
Талғат БИКИСОВ, ЖОЛ ТАЗАЛАУ КӘСІПОРНЫНЫҢ БРИГАДИРІ:
 
Бригадамдағы он адамның үшеуі – әйел. Ешқашан да «әйелміз» деп ауыр еңбектен мойыған емес. Мұқият, берілген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайды. Жігіттермен салыстырғанда жұмысқа уақытында келеді. Үйін қалай таза ұстаса, көшедегі өздеріне бекітілген аумақты айнадай ғып тазалайды.
 
Ал бұл - облыс жолдарының сапасын тексеретін зертхана. Инженерлер жолға төселер материалдың құрамын анықтау үшін асфальтті ойып, бөлшектерін ауыр шелекпен арнайы көлікке тасып, тексереді. Осындай іссапардың бірінде инженер Камиля Газизова ауыр апатқа түскен жолаушыларды ажалдан құтқарып қалды. Қанға боялған адамдарды қызметтік көлігіне отырғызып,  алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Бір қызығы, зардап шеккендер өздерін жедел жәрдем көлігіндеміз деп ойлапты.
 
Камиля ҒАЗИЗОВА, «ҰЛТТЫҚ ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫ ОРТАЛЫҒЫ» БҚОФ ИНЖЕНЕРІ:

 
Көліктің ішінде екі жастағы бала, он бірдегі бала, әже, ата за рулем келе жатқан. Түрлері қан-қан, лобовойы сынған, беттерін, қолдарына бәріне әйнектер кіріп кеткен. Соның барлығын алып, тазалап көмегімізді көрсеттік. Ол мақтаныш емес. Әр адам сондай жағдайға кездескенде бірінші көмек көрсетіп, өзінің парызын орындайды деген ойдамын.  

 
Өз ісінің майталманы Камиля Ғазизова аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан, мыңдаған шақырым жол жүріп, тас жолдың сапасын тынбай тексеріп келеді. Оның талапшыл табандылығының арқасында біраз кемшілік анықталған.  Ер азаматтармен иық тірестіре еңбек еткен арулар ел үшін осылай еңбек етіп келеді.
 
Е. Карин