Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Сұрмерген Ақтоты Борановаға елімізде тең келер қарсылас жоқ

AstanaTV
05.03.2022ж. 20:00
1759
Сұрмерген Ақтоты Борановаға елімізде тең келер қарсылас жоқ

Жүрегі нәзік болса да бойында бұғып жатқан тылсым күштің барын бұрымдылар әлдеқашан дәлелдеді. Ерлерше еңбек етіп, қайратының қажырлығын көрсетіп келеді. Қиындығы мен қауіптілігіне қарамастан өз ісін мінсіз атқарып жүрген қайсар қыздармен тілшіміз тілдесті.
 
Тәжімұрт ӘЛЖАНОВ, ТІЛШІ:

Әйел - Ана, Әйел - Ару, Әйел - Гүл! Жан-жағына жылулық сыйлайтын әйелдер қауымы қашанда береке-бірліктің жаршысы. Айналамыз ақ ұлпа қар болса да,   көңіл күй ерекше. Өйткені, мереке Астанаға кеш келетін көктемнің сәулесін сезіндіріп тұрғандай. Барша аналарды, қыз-келіншектерді төл мерекелерімен құттықтаймыз!

Ақтоты Боранова қолына қару ұстағанда өзін батыл сезінеді. Сенімділігі оның шеберлігін шыңдауға септесті. Қайсар қыз көздеген нысанасын қалт жібермейді. Мергенге елімізде тең келер қарсылас жоқ. Жақында республикалық спартакиада да мықтылығын тағы дәлелдеді. Ақтоты 17 жыл бойы ішкі істер органында қызмет етіп келеді. Бала күнінде шытырман шығармаларды көп оқыпты. Арманына ата-анасы қарсы болғанына қарамастан ерлерше сапқа тұрып, қоғам тыныштығын күзетіп жүр.

Ақтоты БОРАНОВА, ІІМ ӘПК ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Айта алмаймын бәрі оңай, керемет деп. Дегенмен өзінің қызықты жақтары өте көп. Осы ішкі істер органдарының қызметкері болғаннан кейін қаруды барлығы да жақсы меңгерген. Барлығы да осы қару ату жағы бойынша өте жақсы жетістіктерге жеткізеді. Сол үшін қару ату мен үшін қиынға соққан жоқ. Үйде міндетті түрде аяулы анамыз.

Ал мынау сегіз метрлік  жылжымалы кранды Фархана Сафарғалеева еркін басқарады. Салмағы ауыр құрылыс заттарын көтеріп, тиісті жерге қояды. Жиырма жылдан бері бұл істі тиянақты атқарып жүр.

Фархана САФАРҒАЛЕЕВА, КРАН ОПЕРАТОРЫ:


80-ші жылдары училищені бітірісімен жолдама бойынша бетон-темір бұйымдары зауытына орналастым. Ал төрт жылдан кейін басқа жұмысқа ауысып кеттім. Алайда, алғашқы қызметім естен кетпей, кейін қайтып оралдым.


Кран жүргізуішсіне үлкен жауапкершілік артылады. Төменде қаншама адам жұмыс істеп жүр. Құрылыс материалдары олардың басына құлап кетпеу үшін абай болу керек.

Расында арулардың араласпайтын саласы, қолынан келмейтін тірлігі жоқ. Әйел - үйде отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы. Ал қызметте берекенің бастауы. Аяулы жандарға құрмет ерекше.

Т. Әлжанов