Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

К.Мәсімовті ұстаған үйінен 17,2 млн. АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша табылды

AstanaTV
10.03.2022ж. 20:00
975
К.Мәсімовті ұстаған үйінен 17,2 млн. АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша табылды

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрыңғы басшысы Кәрім Мәсімовтің ісі бойынша тың деректер жарияланды. Экс-шенеунікті тергеу барысында оның іс-әрекетінен сыбайлас жемқорлықтың белгілері анықталған. Бұл туралы аталған комитеттің баспасөз қызметі хабарлайды. Кәрім Мәсімов премьер-министр қызметінде жүріп, елордадағы бизнес-құрылымдардың бірінен, құны 2,5 миллиард теңгеге жуықтайтын элиталық қонақ үй мен жер телімін сыйға алған деген күдік бар. Биыл қаңтарда оны ұстаған үйден 17,2 миллион АҚШ доллары, сондай-ақ көптеген сәнді заттар: элиталық сағаттар, алтын құймалар, антиквариат тәркіленген. Бұдан басқа, бизнес санаттағы 11 қымбат автокөлік алыныпты.

ҚР ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Атап айтқанда, жабық келісім-шарттардың бірі бойынша шетелдік мемлекет өкілдерінен Мәсімовтің Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасы лауазымында 2 миллион АҚШ доллары сомасында пара алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.  Бұл қаражатты Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтару бойынша жұмыстар қамтамасыз етілді.  

Сонымен қатар күдіктінің Нұр-Сұлтан қаласындағы екі элиталық пәтеріне, Алматыдағы 2 пәтер мен дербес сарайына, Щучье-Бурабай шипажайы аумағындағы 1 гектар болатын жер теліміне тыйым салынды. Одан өзге Кәрім Мәсімовпен жақын байланыста болған адамдардан  5,1 миллион АҚШ доллары алынып, оған тыйым салынған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, экс-басшы мен оның айналасындағылар шетел банктеріне заңсыз шығарған аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатты іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару бойынша жұмыс ұйымдастырып жатқандарын мәлімдеді. Еске салайық Кәрім Мәсімов "мемлекетке опасыздық жасау", "билікті күшпен басып алу" және "лауазымдық міндеттерін асыра пайдалану" деректерімен күдікке ілініп, тергеуге алынған болатын.

А. Данияр