$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елімізде тұрғын үй бағасы күрт қымбаттады

AstanaTV
10.03.2022ж. 20:00
1117
Елімізде тұрғын үй бағасы күрт қымбаттады

Елімізде тұрғын үй құны қымбаттады. Өткен ақпан айында үй бағасы 5,5 процентке өскен. Бұл -соңғы сегіз жылда тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қымбатшылық әсіресе Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында байқалады. Одан кейін Талдықорған, Түркістан облысы мен Алматы Шымкент, Тараз  қалаларында да пәтер бағасы өскен.

Бүгін Қазақстан қор биржасында АҚШ валютасының бағасы төмендеп, теңге нығайды. Доллардың ресми бағамы 509 теңге болды. Еске салайық, күні кеше теңгені тұрақтандыру үшін Қазақстан Ұлттық банкі 200 миллион долларға жуық  валюталық интервенция жүргізді.Kurs.kz порталы ақпаратына сүйенсек, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы айырбастау пункттері долларды бірдей бағада сатады және сатып алады. Қазақстандықтар шетел валютасын орташа есеппен 513 теңгеден сатып,  519 теңгеден сатып алуда.

Қазақстан мұнай экспорттаудың түрлі бағдарын қарастырып жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді. Оның айтуынша, әзірге мұнай өнімін тасымалдауда ешқандай қиындық жоқ.  Сондықтан елімізде қара алтын өндіру көлемі төмендейді деуге болмайды дейді.

Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Өндіруге ең алдымен, сату мүмкіндігі әсер етеді. Егер сату мүмкіндігі болса, онда еш қиындық жоқ екені түсінікті. Біз 87,5 млн тонна мөлшерінде бекітілген жоспарымызды қолданыстағы инфрақұрылымның күшімен өндіре аламыз


Биыл қаңтарда әуе компанияларының кірісі 20 млрд теңгеден асты. Олардың жылдық табысы 6%-ке артқан. Оның басым бөлігі, атап айтқанда 20,4 млрд теңге жолаушылар тасымалынан түскен. Жүк тасымалдаудан 534 млн теңге, әуе көлігін жалға беруден 215 млн теңге табыс тапқан.   Қазақстанның әуе компаниялары қаңтар айында  500 мыңнан астам жолаушы тасымалдаған.

Б. Сатуов