$538.57 €629.48 ₽6.71
×

Қызылжарда суға кеткен тоғыз жасар қыз 3 тәуліктен бері іздестіріліп жатыр

AstanaTV
27.06.2016ж. 20:00
Қызылжарда суға кеткен тоғыз жасар қыз 3 тәуліктен бері іздестіріліп жатыр

Қызылжарлық құтқарушылар 3 тәуліктен бері суға кеткен тоғыз жасар қызды іздестіріп жатыр. Бұл іске сүңгуірлер мен төтенше жағдай қызметкерлері жұмылдырылған. Қыз батып кеткен аумаққа балық ауы орнатылды. Ал кинологтар иісшіл иттердің көмегімен өзен жағасын тінтіп жүр. Каратэмен айналысқан қыз бала судан өз күшімен шығуы мүмкін деген үміт те жоқ емес. Тоғыз жасар Вика демалыс күні атасымен бірге балық аулауға барып, өзенге батып кеткен еді.

Есілдің жағасында қармақ пен балыққа толы шелек әлі сол күйі тұр. Сенбі күні «Огонек» саяжайынан шыққан тоғыз жасар Вика атасымен бірге осы маңда балық аулаған. Жеткіншек кенеттен суға түсіп кетеді. Ағынның қатты болғаны сонша, маңайда тұрған  атасы да, өзге балықшылар да балғынды судан алып шыға алмаған. 

Диана Алибаева, Виканың анасының құрбысы:

Өзен жағасында тұрған кезде аяғы бірдеңеге шалынып, құлаған. Атасы соңынан секірді. Бірақ ағыс оны басқа жаққа алып кетті. Вика жүзе алмайды. Ірі денелі қыз, жүзуге тырысқан. Бірақ өзен ортасындағы су шұңқыры оны тартып алады. Артынша одан шығып, бұрылысқа дейін жүзіп жеткен. Әрмен қарай не болғанын білмеймін.

Кешке қарай қыздың туыстары бұл оқиғаны әлеуметтік желіде жариялады. Ғаламторда қол ұшын созуға ниеттілердің қатары бірден артқан. Іздеу шаралары жылдам қолға алынып, бәзбіреулер тамақ пен жылы киім қамына кіріскен. Еріктілер түнімен өзен жағасын тінтіп, қайықпен әрлі-берлі жүзіп Виканы іздейді. Бірақ нәтиже жоқ.

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД бас маманы:

Іздеу шаралары жалғасып жатыр. Қызды табамыз деген сенім аз. Бұл жағдайда қауіпсіздік шараларына мән берілмегені туралы айта кету керек. Ол жерде ағыс күшті. Қызды бірден алып кеткені анық.

Бір тәулік өткен соң апат орнына адамдар қайта жиналды. Әскерилер, құтқарушылар мен еріктілер жұмыла отырып, Виканы қайтадан іздеуге кіріскен.

Өзеннің арғы жағалауынан баланың іздері табылған. Демек, жеткіншек тірі қалды деген үміт әлі де бар деген сөз. Қазір іздеу тобы Есілдің арғы бетіне көшті. Оқушыны мыңға жуық адам іздеп жатыр. Тіпті арнайы штаб құрылған. Кез-келген тұрғынның еріктілерге қаражат, ыстық тамақ пен жылы киім беруге мүмкіндігі бар. Тек қолайсыз ауа райы ғана игілікті іске кедергі жасауда. 

Абзал ҚҰРМАНКИН