Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

ЖОО жолдама беретін тағы бір жас өнертапқыштардың сайысы басталды

AstanaTV
14.04.2016ж. 20:00
1799
ЖОО жолдама беретін тағы бір жас өнертапқыштардың сайысы басталды

Алматыда мектептердегі жоғарғы сынып оқушыларының өресін тексеретін интеллектуалдық сайыс басталды. Робот жасау ісі, кино түсіру, ақпараттық бағдарламалау мен өнертапқыштардың халықаралық байқауына 1300 жоба келіп түскен. Іріктеуден өткен 300 жұмыс бүгін көрмеге қойылды. Осы шарадағы көзге түскен қызықты жобалармен әріптесім Ришат Асқарбекұлы танысып қайтты.

Дінмұхамед Нұрғали - Талдықорғандағы қазақ-түрік лицейінің үздік оқушысы. Сабақтан тыс уақытта робот жасау ісіне көңіл бөледі. Ол жақында сыныптасымен бірге төтенше жағдай кезінде қолданылатын құлтемір ойлап тауыпты. Қашықтан басқарылатын қондырғы қираған ғимарат ішінен адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Роботқа орнатылған камерадан wi-fi роутер арқылы түсірілімді көріп отыруға болады.

Дінмұхамед Нұрғали, өнертапқыш оқушы:

Қауіпті жағдайда қолданылуға арналған робот. Мысалы, жер сілкінсе, тастар құлап, адам өте алмайтын жерлерге осы роботты салып жіберсе болады. Робот камерамен және мынандай қолмен жабдықталған. Ол арқылы біз ақпарат алып, тиісті жерге жібере аламыз. 

Мұнда қызықты жобалар көп. Мысалы, мына «смарт киіз үйді» туристік мақсатта пайдаланса болады. Тау-тастың қалтарысына кіріп, бейнетүсірілім жасай алатын «пилотсыз ұшу құралы» да бар. Сондай-ақ, қоғамдағы ең өзекті мәселерді қамтитын қысқа метражды фильмдер де қазылар алқасының талдауынан өтеді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Шараның ең қызықты кезеңі - роботтар сайысы. Шаршы алаңға шыққан роботтар құрастырушының интелектісін анықтауға мүмкіндік береді. Бар-жоғы 5 секунд ішінде шұғыл шешім қабылдап, қарсылатын рингтің сыртына шығарып тастаған робот жеңімпаз атанады.

Қазақ балаларының интеллекуалдық дарынын сынайтын сайыс Демирель атындағы университет базасында өтіп жатыр. Оқу ордасы әлемнің 23 мемлекетінен 100-ге жуық жоба шақыртқан. Олар да қатаң іріктеуден өтіп, бүгінгі жарыста бақ сынамақ.

Нұрлыбек Сейітқұлов, Сүлеймен Демирел университетінің проректоры:

Бұл біздің елімізде үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Жарыстың мақсаты - қазіргі заманға сай ақпараттық технологияның бағдарламаларды меңгеруге септігін тигізу.

Барлық үміткерлерге жобаны ағылшын тілінде қорғау міндеттеліп отыр. Ұйымдастыру комитеті тіпті өнертапқыштар арасынан жасыл экономикаға бейімделген жобаларды EXPO-2017 көрмесіне де жібермек. Сенбі күні қорытындыланатын жарыстан үздік шыққандар биыл Бірыңғай ұлттық тестіге қатыспай-ақ, жоғарғы оқу орындарына жолдама ала алады.

Өнертапқыштық туралы толымды ақпарат осы сенбі 20-00-де «Біздің уақыт» бағдарламасында. Қазақ балаларының жаңашыл көзқарастары туралы кеңірек айтылатын болады.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ