$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкентте мәдениет саласының қызметкерлері басшының қудалауынан шаршадық деп отыр

AstanaTV
15.03.2022ж. 20:00
2519
Шымкентте мәдениет саласының қызметкерлері басшының қудалауынан шаршадық деп отыр

Шымкенттегі мәдениет саласынан маза қашқандай. Жергілікті композиторлар, театр, кітапхана басшылары бастаған топ қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенова келгелі өнер ұжымдарынан тыныштық кеткенін айтуда. Ал аты аталған шенеуніктің өзі мұның бәрін теріске шығарды. Оның өз шындығы бар. Тараптардың пікірін Айзада Төребекқызы тыңдап көрді.

Жиналғандардың айтуынша, басқармаға Ханзада Есенова басшы болып тағайындалғалы, соңдарына шам алып түскен. Бір рет жұмыстан алынып, сот арқылы қайта орныма келдім деген кітапхана директоры қудалауға түстім дейді.

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ - ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Қудалау  көріп жатырмыз деп мен толыққанды айта аламын. Өйткені жиналыста чуть Әл-фараби кітапханасы бір жұмыс орындамаған болса дереу, дәл қазір менде түсініктеме жоқ, «выговор» дегенді есітеміз. Дереу Жаппарқұлова «сөгіс берілсін» берілсін деген..сондай жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ.
 
Баспасөз жиынын өткізгендер Есенова келгелі мықты кадрлардан айрылдық десті. 13 директор мен орынбасары қызметінен кетіпті. Бұдан бөлек тағы он қызметкер жылы орнымен қош айтысқанын мысал қылды. Басқарма басшысы өз таныстарын әкелді дегендер мемлекеттің миллиондары да желге ұшып жатыр деп санайды. Есептерінше 2018 жылы мәдениетке қаралған қаражат 2021 жылы 12 есе көп бөлінген көрінеді.
 
Игорь ВЕРБИЦКИЙ, ШЫМКЕНТ қ. ОРЫС ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұрын аз ақшаға көп шаруа бітіретінбіз. Ал қазір пандемия кезінде 20,30, 60 млн. теңгеден жұмсалып жатыр. Біз оның бір тиынын да көргеніміз жоқ. Өтіп жатқан шаралар театр,музей, кітапхана ұжымдарының өз күшімізбен өткізіп жүрміз. Есесіне миллиондар жұмсалды деп есеп берілуде. Қыруар ақша кімнің қалтасына кетіп жатыр дейсің, біздің көзіміз соқыр емес, сондықтан құзырлы орындар мұның ақырын тексеру керек деп ойлаймын. Өйткені бұл жерде сыбайластықтың иісі аңқып тұр.
 
Алайда басы дауға қалған басшы бұл айптардың ешқайсысымен келіспейді. Тіпті заңсыздықтарды сотта дәлелдегенмін деп тұр.

Ханзада ЕСЕНОВА, ШЫМКЕНТ қ. МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ МҰРАҒАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Кадрға қатысты айтатын болсам, 2020 жылдың қыркүйейегінен бері бес басшы қызметтен кетті. Оның бірі зейнеткерлік жасына жетті, бір басшы Сәкен Қордабайұлы -шығармашылықпен айналысуды құп көрді. Ал екі директор жұмыстан шығарылған себебі :біреуі  масаң күйде жұмысқа келген, басқа да кемшіліктері анықталды. Тағы біреуі өз үйін қол астындағыларға жинатып, жөндеткен. Мұның бәрі бейнежазба түрінде дәлелі бар.   

 
Есенова ханым бюджеттен бөлінетін ақшаларға мүлдем қатысым жоқ деді. Әріптестерім маған сенбесе мемлекеттік сатып алу туралы сайтқа кіруге кеңес береді. Сөзіне сенсек, 2018 жылы бір күндік наурызды тойлауға 70 млн теңге жұмсалса, бүгінде қаланың он жерінде бір мезетте тойланатын ауқымды шараға небәрі 170 млн теңге ғана кететінін дәйек қылды.  Бірақ, қарамағындағылар оның уәжіне иланғысы жоқ. Олар басқарма басшысын жұмыстан алу туралы жоғарыға ұсыныс хат жолдаған.

А. Төребекқызы