Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Рудный тұрғыны төрт жасар баланы анасымен өртеп жіберді

AstanaTV
17.03.2022ж. 20:00
1141
Рудный тұрғыны төрт жасар баланы анасымен өртеп жіберді

Көршінің кесірі. Рудный тұрғыны төрт жастағы баланы анасымен бірге өртеп жіберді. Бүлдіршін ауыр халде жатыр. Күдікті қамауға алынды. Кісі өлтіруге оқталған көрші енді 20 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Жантүршігерлік оқиға кеншілер қаласының іргесіндегі станцияда болған. Дәл осы көпқабатты үйде көршілер жанжалдасып, 44 жастағы тұрғын келіншекке керосин шашып, шырпы тұтатқан. Көршінің кесірінен 4 жастағы бүлдіршін зардап шекті. Оның денесінің 45 пайызын күйік шалған.

Әлия СИСЕНОВА, КЕНТ ТҰРҒЫНЫ:

Неге екенін білмеймін. Мен есікті ашқан жоқпын. Сосын жаман иіс болды. Керосиннің иісі ме бірдеңенің иісі. Кішкентай бала да бақырып жылады.


Жапа шеккен жас келіншек бізге есікті ашпады. Айтқанынан түсінгеніміз күдіктінің аузы арақтан  құрғамайды. Қатты мас болғанда ешкімге бағынбай кететіні бар,- деді. Оның қос білегін күйік шалған, алғашқы медициналық көмектен соң үйіне босатылыпты.

Ксения ЖЫЛҚЫБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
 
Зардап шеккен бала бір сағат бұрын санавиациямен облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Ауыр халде жатыр.


Қатігездік танытқан 44 жастағы қала тұрғыны болса қамауға алынды. Тергеу мүддесіне байланысты полицейлер мән-жайды ашып айтпады.

Бауыржан ҚҰСАЙЫНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Адам өлтіруге оқталу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қамауға алынды. Қазіргі уақытта  тергеу амалдары жүргізілуде. Департамент басшысының жеке бақылауында.

Жантүршігерлік  қылмыс жасаған шаһар тұрғыны 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал 4 жастағы баланың өмірі үшін облыстық аурухана дәрігерлері күресуде.

З. Санай