Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Президент бейбіт күнде еңбегімен, қиын сәтте ерлігімен көзге түскен азаматтарды марапаттады

AstanaTV
18.03.2022ж. 20:00
1586
Президент бейбіт күнде еңбегімен, қиын сәтте ерлігімен көзге түскен азаматтарды марапаттады

Медаль жауған күн. Мемлекет басшысы бейбіт күнде еңбегімен, қиын сәтте ерлігімен көзге түскен азаматтарды марапаттады. Ұлыстың Ұлы күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара - Ақордада өтті. Наградалар 10 аталым бойынша 80 адамға табысталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде әрбір отандасымыз егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Бүгін бірқатар қазақстандықтың таңы ерекше атты. Оған куә менің артымдағы атмосфера. Олар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан мемлекеттік наградаларды алды. Арасында волонтерлер, "қаңтар оқиғасы" кезінде ерекше көзге түскен азаматтар, сонымен бірге қарапайым тұрғындар да бар.

Атырау қаласының тұрғыны Азамат Тохбасов қарапайым күзетші. Оның бұл салада жүргеніне 10 жыл болған. Мұндай марапатқа ие боламын деп күтпедім, дейді. Айтуынша, оған аудан атқамінерлері екі күн бұрын Мемлекет басшысының марапатына ие болатынын хабарлапты. Азамат "қаңтар оқиғасы" кезінде өңірдегі қоғамдық тәртіпті реттеуге көмектесіпті. Сол үшін бүгін кеудесіне "Ерен еңбегі үшін" медалін тақты.

Азамат ТОХБАСОВ, "ІСКЕР" ЖШС КҮЗЕТШІСІ:

Ғимараттарды бұзып, дүкендерді тонап жатқанда ағаларымыз, бауырларымыз, інілеріміз болып бірігіп, халыққа басу айтып, арандатушылық жасатпауға кішкене шамалы үлес қосқаныма үлкен осындай құрмет көрсетіп жатыр. Өте қуаныштымын!  Әсер өтке керемет.


Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде лаңкестер мемлекеттік орталық музейге де шабуыл жасады. Дегенмен, мекеме басшылығы мен қызметкерлері ғимаратты қорғап қалды. Олар бүлікшілерге басу айтып, жәдігерлерге тиіспеуін өтініп, музейді бірнеше күн күзеткен. Құнды мұралардың жойылып кетпеуіне барын салған Бибігүл Дәндіғарақызына "Парасат" ордені табысталды.

Бибігүл ДӘНДІҒАРАҚЫЗЫ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҚ МУЗЕЙ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Әрине, бұл біздер үшін оңай болған жоқ. Әлі көзімді жұмсам жүрегімде, көзімде сол оқиға тұрады. Ішімде де сондай өзгеріс бар. Егер, ойлап кететін болсам тіпті, түнгі мезеттерде ұйықтамайтын да күндерім бар. Еліміздің болашағын әрі қарай көркейту үшін, дамыту үшін жастарымызды тәрбиелеуге бәріміздің де жұмыс істеуіміз керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады. Мемлекет басшысы қоғамның барлық саласында түбегейлі өзгеріс жасауға кірісе отырып, елімізді дамытудың мүлде жаңа кезеңіне қадам басатынымызға назар аударды. Жаңа Қазақстан – абстракты идея емес, келешектің жарқын көрінісі болатынына нық сенімді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жауапты сәтте жұртына қорған болып, елдіктің нағыз үлгісін көрсетті. Осындай отаншыл тұлғаларымыз – жас ұрпаққа өнеге.  Халқымыз «Ер – еңбегімен қадірлі» деп бекер айтпаған. Елге еңбегі сіңген жандарға Ұлыстың ұлы күнінде құрмет көрсетудің зор символдық мәні бар.

Жиында қаламгер Илья Жақанов пен қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманға айрықша ерекшелік белгісі - «Қазақстанның Еңбек Ері» Алтын жұлдызы ордені табысталды. Одан бөлек, "Отан", дәрежелі "Барыс", "Парасат", "Достық", "Құрмет" ордендері және  "Шапағат" медалі иелерін тапты. Мемлекет басшысы енді жыл сайын Наурыз мерекесі қарсаңында бір топ қайраткерге мемлекеттік награда тапсыру дәстүрге айналатынын айтты.

А. Данияр