Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

«AMANAT» партиясы Алматыда Президент Жолдауын қолдау мақсатында митинг өткізді

AstanaTV
19.03.2022ж. 20:00
1653
«AMANAT» партиясы Алматыда Президент Жолдауын қолдау мақсатында митинг өткізді

«Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз!».  Осындай  атаумен  бүгін Алматыда   келісілген митинг өтті.  Оны «AMANAT» партиясының қалалық филиалы ұйымдастырды.    Мемлекет басшысының Жолдауын қолдау үшін жиналғандар  Президенттің жаңа бастамасы –жаңа кезеңге апарады дейді.   

«AMANAT» партиясының келісілген шеруіне  2000-нан астам адам жиналды.  Олардың арасында елге белгілі тұлғалар, депутаттар, кәсіпкерлер  және еріктілер бар.   Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл азаматтардың мақсаты бір-Мемлекет басшысының Жолдауындағы саяси реформаларды қолдау.  «AMANAT» партиясының  атқарушы хатшы Асхат Оралов    "Президент ұсынған саяси реформалар еліміздің тарихында жаңа бет ашып, "Жаңа Қазақстанның" бастауы болады деп сенімді түрде айта аламыз" дейді.
 
Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
 
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кешегі халыққа жолдауында жаңа саяси реформаларды жариялады. Бұл елдің көңілінен шыққан, көпшіліктің көптен күткен өзгерістер. Біз енді бүкіл сынақтарға қарамай бірлесіп жұмыс атқарамыз деген ойымыз бар. Сондықтан да Тәуелсіздігімізді қорғау, елдігімізді, ата-бабаларымыздан келе жатқан баға жетпес мұрасын кейінгі ұрпаққа тұтас жеткізу біз үшін аманат.

 
Жастар да Президент Жолдауының ел дамуы үшін ерекше маңызды екенін айтады. "Мемлекетіміздің жаңа бағыт-бағдары" дейді.  

Ариана БЕЛОБЖИЦКАЯ, СТУДЕНТ:
 
Қазір бізде сәл қиындық көрсе, шетелге кетемін деп шығатын жастар аз емес.  Себебі олар мемлекет маған не береді деп масыл болуға даяр. Бірақ қазір біз мен мемлекетке не беремін деген азаматтық сана қалыптасу керек. Президент айтқан жаңа қазақстанды құратын біздер, жастар.

 
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым халықты бірлікке, саяси күштерді әріптестікке шақырды. "Жаңа Қазақстанды құру-өзіміздің қолымызда" деп атап өтті.
 
Айдос САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
 
Елде үлкен саяси науқан басталды.  Үлкен өзгерістер келе жатыр. «Аманат» партиясы кез-келген саяси дискуссияға дайын болуы қажет. Керек болатын болса осылай көшеге шығып, өзінің әділдігін, дәлдігін өзінің кез-келген бәсекелестікке дайын екенін көрсету керек.
 

Мейіржан ОТЫНШИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ қ.ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:    

Халық сөзіне берік, уәдесін нақты нақты істермен дәлелдей алатын партияны қолдайды. Сол себепті мен Аманат  партиясын нағыз халықтың партиясы  деп білемін. Сол үшін бүгін бүкіл халықты мемлекет басшысының маңайына үйіліп, сол реформаларды іске асыруға шақырамын.
 
"Бағыт – айқын, мақсат – ортақ".  Халық  Президенттің  аса маңызды реформаларын  қолдауға дайын екендерін жеткізді. Күшіміз бірлікте деген көпшілік  елді бірлік пен татулықта болуға шақырды.

Ә. Лесбек