Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Жолаушылар билет құны қымбат, бірақ еш жағдай жасалмаған вагондардан үсіп қала жаздаған

AstanaTV
25.03.2022ж. 20:00
1996
Жолаушылар билет құны қымбат, бірақ еш жағдай жасалмаған вагондардан үсіп қала жаздаған

Ескі вагондарда үсіп қала жаздадық. Арнамызға шағымданған жолаушылар осылай деді. Наурыз мерекесіне орай Нұр-Сұлтаннан Алматыға бет алған  бір топ жолаушы, есігі жабылмайтын, тастай суық әрі қараңғы вагондарға тап болған. Шұрық тесік отарбаларды техникалық кемшілігіне қарамай жолға жеккендер кім? Жолаушылардың базынасын тындағын әріптесім Айсауле Съезбек, сауалға жауап іздеді.

Бұл - 18-наурызда Елордадан Алматыны бетке алған №204 қосымша пойыз. Түнгі сағат 22:40-та вагонға отырған жолаушылар,  жарық жүрген соң қосылады деп ойлаған. Бірақ қара түнек жол бойы жалғасқан. Қатты суықтан вагонның жан-жағынан суық жел үрлеп, еденге мұз қатқан. Сорақысы вагонда жағатын көмір де болмады, - дейді жолаушылар. Ал, жол жүру құны тальгоның билетінен де қымбатқа шыққанына ашынады.

Сәния ҚҰРБАНОВА, ЖОЛАУШЫ:

Вагон өте суық.  Сырт киіммен ұйықтадық. Дәретхана даладағыдан бетер лас әрі суық. Жарық жоқ. Түнде тас қараңғы. Біз билетті бір ай бұрын сатып алдық. Бағасы мен вагонның жағдайы мүлдем сәйкес келмейді. Қазіргі кезде осындай тозығы жеткен вагондар жүреді деп ойламағам. Тіпті көмір жоқ. Мерекелік көңіл-күйімізді бұзды. Билет құнын қайтарып, моралдық өтемақы төлесін!

Вагондағы бұл былықтарды пойыз басшысы Ұлжан Мамырова да растады. Мереке кезінде вагон жетіспеушілігінен, қысқа еш дайындығы жоқ вагондар жолға шыққан.

Ұлжан МАМЫРОВА, №204 КОММЕРЦИЯЛЫҚ  ПОЕЗДЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Менде қазір 19 вагон келе жатыр. Соның 3 вагоны осындай болып тұр. Үш вагонында жылуы кішкене нашар болып келе жатыр. Өйткені қысқа дайындалмаған вагондар салқын болып жатыр.  Вагонның состояниесі өте төмен болып тұр.

"Қазақстан Темір Жолы" компаниясының өкілі, еш жағдай жасалмаған вагондармен тасымалданған бұл жолаушыларға өтемақы қайтарылмайды деді. Мерекеде сұраныс күрт өскен соң, жолаушыларды діттеген жерге аман жеткізу басты мақсат болғанын айтты.  Бүгінгі таңда жолаушылар тасымалының базасында 2000-нан астам вагон бар. Оның ішінде зауыттан шыққанына 44 жыл болған вагондар да кездеседі. Мұндай санаттағы вагон саны 800.  

Мәди МҰХАМЕДҚАЛИ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰҚ» АҚ БАҚ-пен ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:

Осы пойыз өз паркіне келгеннен кейін тексеріс жұмыстарын жүргіземіз. Егер тексеріс жұмыстарында қателіктер дәлелденіп жатса, арнайы шараларды қабылдайтын боламыз. Бірақ өтемақы заңнамада қарастырылмаған. Жолаушылар тасымалында пойыз кешігіп келген жағдайда ғана үш пайыз өтемақы төленеді.


Былтырдың өзінде темір жол билетінің бағасы 7 процентке өскен. Бірақ қызмет көрсету сапасы әлі күнге сын көтермейді. Тәулік бойы тоңып, мерекеде тауы шағылған жолаушылар «Қазақстан Темір Жолының» басшылары билеттен түскен пайда мен көмірдің қайда кеткенін түсіндірсін, деп талап етуде. Әрі жүйелі проблеманың жауапкершілігін қатардағы жолсерік пен пойыз басшысына арта салмауын қадағалаймыз деп отыр.

А. Съезбек