$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Елордада «Мемлекеттік рәміздер және ұлттық сәулет» халықаралық ғылыми конференциясы өтті

AstanaTV
30.03.2022ж. 20:00
1293
Елордада «Мемлекеттік рәміздер және ұлттық сәулет» халықаралық ғылыми конференциясы өтті

Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлы 80 жаста. Архитектура профессорының бұл мерейтойы, мемлекет рәміздерінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай елордада «Мемлекеттік рәміздер және ұлттық сәулет» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Сексеннің сеңгіріне келсе де, елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы ұлттық сәулет өнеріне әлі де үлес қосып келеді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында шәкірт тәрбиелеп, сәулет саласында жаңа «Oitek» бағытының негізін салды.  Конференция автордың шығармашылық көрмесін тамашалаудан басталды. Еңбекке баулыған шәкірттерінің бірі Асхат Оралов мерейтой иесін арнайы келіп құттықтады.

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Жандарбек Мәлібекұлы сізді мәртебелі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Өзіңізді еліміздің сәулет өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар қазақтың көрнекті сәулетшісі, ғалым және Мемлекеттің басты рәміздерінің бірі елтаңба авторы ретінде ерекше құрметтейміз. Жандарбек Мәлібекұлының Жаңа Қазақстанның тарихында есімі алтын әріппен жазылады дегенге ешқандай күмәнім жоқ.

Бірқатар дипломатиялық корпус өкілдері Жандарбек Мәлібекұлының тарихи миссиясына көз жүгіртіп, арнайы құттықтауларын жолдады. Халықаралық жиында Өзбекстан мен Түркиядан келген ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері этноархитектураның ерекшеліктері  жайлы ғылыми баяндама оқыды.  

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ:

Жалпы тарих, соның ішіндегі білім-парасат деңгейіміз осының бәрі елтаңбада көрініс тапқан. Бүгінгі конференцияның негізгі тұжырымдамасы жастарға елдік рәміздерді қадірлеудің негіздерін көрсетіп, әрбір ғылым саласында, әрбір бағыт, пәндер бойынша қалай жалғасады, осыны айқындауды ғылыми-практикалық түрде сараптау жүргізеді.


Елтаңба - елдігіміздің айғағы. Тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір ресми құжаты мен мекемесінің маңдайшасында тұратын қастерлі белгі. Сондықтан Жандарбек Мәлібекұлының елдік мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа терең насихатталуы тиіс, деді жиналғандар.

А. Съезбек