$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Қазақстан-Молдова ойынынан кейін Қазақстан футбол федерациясына айыппұл салынды

AstanaTV
30.03.2022ж. 20:00
1010
Қазақстан-Молдова ойынынан кейін Қазақстан футбол федерациясына айыппұл салынды

Кезек, әдеттегідей спорт жаңалықтарында. Онымен әріптесім Асылбек Данияр таныстырады. Асылбек, спорт әлемінде қандай жаңалықтар бар?

Кеш жарық! Қазақстан мен Молдова арасындағы ойыннан кейін Қазақстан футбол федерациясына айыппұл салынды. Осы және өзге де ақпараттар сәлден соң.

Тағы бір қазақстандық боксшы Бүкіләлемдік бокс ұйымының титулы үшін жекпе-жекке шығады. Екінші жартылай жеңіл салмақта ел намысын қорғайтын Сұлтан Зәуірбектің қарсыласы- мальталық Хайтем Лаамуз. Кәсіпқой бокс кеші Лондонда, сәуірдің он бесі күні өтеді. Былғары қолғап шебері осыған дейін 12 кездесу өткізіп, оның сегізін нокаутпен аяқтаған.
Дзюдодан «Grand Slam» турниріне Қазақстан құрамасынан кімдердің қатысатыны белгілі болды. Татами шеберлерінің әлемдік бәсекесі 1-3 сәуір аралығында Түркияның Анталия қаласында өтеді. Жарысқа 23 спортшымыз аттанбақ. Жалпы, дүбірлі додада 64 елден 534 спортшы қатысады деп жоспарланған.

Елдос Сметов бастаған ерлер командасында Ғұсман Қырғызбаев, Жансай Смағұлов, Дидар Хамза секілді олимпиада қатысушылары бақ сынайды. Бұдан бөлек, елдің үздік дзюдошы жігіттері де 7 салмақта сынға түспек. Ал қыздар арасында 6 келіде 10 бұрымды аруымыз ел намысын қорғайды. Олардың арасында әлемдік жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген Севара Нышанбаева  мен Зарина Сарипова бар.

Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы С дивизионындағы орнын сақтап қалды. Кеше елордада Молдова құрамасын қабылдаған Ұлттық құраманың аяқ доп шеберлері жеңіске жетті. Тартысқа толы өткен ойынның 13-нші минутында қонақтар есеп ашты. Екі таймның қорытындысымен жалпы ұпай тең болғандықтан ойын овертайммен жалғасты. Десе де, берілген 140 минуттың ішінде өзгеріс болмады. Ал, пенальти сериясында отандастарымыз жақсы өнер көрсетті.  

Қазақстан мен Молдова арасындағы ойыннан кейін Қазақстан футбол федерациясына айыппұл салынды. Себебі, пенальти кезінде жанкүйерлер алаңға түрлі  заттар лақтырған.  Айыппұл  10 мың еуро көлемінде болуы мүмкін.

Менде бүгінге осы. Елдегі және әлемдегі спорттың басты оқиғаларын бірінші болып бізден біліңіздер. Әділет, сөз сенде.

Рақмет, Асылбек! Ал, біз жаңалықтарымызды жалғастырамыз.

А. Данияр