$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Құрылыс заттары қымбаттап барады

AstanaTV
31.03.2022ж. 20:00
1308
Құрылыс заттары қымбаттап барады

Елімізде соңғы күндері доллар бағамы төмендеп, теңге нығайып келе жатыр еді. Алайда шетел валютасы бүгін қайта қымбаттады. Қор биржасының бүгінгі бағамы қандай? Қымбатшылық тағы қай салаларда байқалады? Толығырақ "Экономика жаңалықтарында".

Бүгін АҚШ валютасының құны қайта көтерілді. Таңғы сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 6 теңгеге артып, 465 теңгеге тең болды. Еске салайық, кеше биржада бір доллар 458 теңгеден саудаланған еді. Осыдан кейін ұлттық банк 31 наурыздағы доллардың ресми бағамын 458 теңге деп белгілеген болатын.

Kurs.kz порталының мәліметінше, Нұр-Сұлтандағы валюта айырбастау пунктері бір долларды, шамамен, 467 теңгеден сатса, 462 теңгеден сатып алуда.

Ал, Алматыда АҚШ валютасын 466  теңгеге сатып, 461 теңгеден қабылдап жатыр.

Елде құрылыс материалдарының құны шарықтап барады. Бұрын жылында немесе маусымында бір қымбаттайтын заттардың бағасы  қазір күн санап өсуде. Құрылысшылар одағының мәліметінше, ақпан айында арматура 25 процентке қымбаттаған.  Сондай-ақ кірпіш 5, цемент пен линеолиум 7 процентке өсті. Сантехникалық, электрлік жабдықтардың құнына 15 процент қосылған. Одақ төрағасы Талғат Ерғалиевтың айтуынша, құрылысқа қажетті мыңға жуық тауардың 46 проценті  шет елден тасымалданады.  Қалғаны елде шығарылады. Бірақ отандық өнім ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды дейді.

Қазақстан қант экспортына тыйым салмақ. Мұндай бұйрықтың жобасын сауда және интеграция министрлігі әзірледі. Құжат 4 сәуірге дейін қоғамның талқылауына ұсынылады. Егер қабылданса, қантты шекара асыруға алты айға шектеу енгізіледі. Айта кетейік, бұған дейін Ресей шекерді шекара асыруға тыйым салған еді. Іле-шала бізде де  қант қымбаттады. Министрліктің мәліметіне қарағанда, елдегі қоймаларда үш айға жететін қант қоры бар. Оны молайту үшін Қазақстан қант шикізатын жеткізушілермен жан-жақты келісімді бастады. Себебі тамыздың соңына дейін 250 мың тонна қантты кеден салығынсыз кіргізуге мүмкіндік бар.

Ертең, яғни 1-сәурден бастап көлігіңіздің салығын төлемеген болсаңыз, кешіккен әрбір күніңіз үшін айыппұл арқалайсыз. Ол ол ма, «ұмытшақ» тұрғындардың ісі арнайы бұйрық бойынша сот орындаушысының қолына өтеді. Ал олар салық төлемеген азаматтан қарыздың әрбір тиынын, оған қоса өздерінің жұмыс ақысын өндіріп алады. Қарызды қайтару үшін борышкердің мүлкі мен банктегі шотын бұғаттап, шетелге шығуына шектеу қояды. Сонымен қатар, салықтан жалтарған азамат қарапайым банк қызметін де ала алмайды, атап айтқанда, банктен шот ашу, аударым жасау және несие алу мүмкін емес.

Б. Сатуов