Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Іргелі ауылының жұрты ауыз су мен жолға жарымай отыр

AstanaTV
31.03.2022ж. 20:00
2054
Іргелі ауылының жұрты ауыз су мен жолға жарымай отыр

Алып шаһар іргесінде тұрып ауыз су мен жолға жарымай отырған елдімекендер аз емес. Алматы облысының Іргелі ауылдық жұрты өркениеттен жұрдаймыз деп шу шығарды. Тіршілік нәрінен тарыққандар атқамінерлерден қайыр болмады деп отыр. Құрғақ уәдемен 20 жыл тойдырып келеді дейді. Тұрғындардың базынасын толығырақ әріптесім Әсем Лесбек тарқатады.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

 
Іргелі ауылының бүгінгі сыйқы осындай. Көшелердің барлығын қоқыс басқан. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Шіліңгір шілдеде иісі қолқаны қабады. Қысы-жазы бұдан зәразап болған тұрғындардың тағы бір уайымы бар. Ол мына жол мәселесі.

 
Жаңбыр жауса ми батпаққа айналып, күн шықса шаңы аспанға көтерілетін жолдан жұрт әбден мезі болған. Көліктерге дөңгелек, ал аяққа киім шақ келмейді,- дейді.
 
Жолдасбек РАСҚҰЛОВ, ІРГЕЛІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Он жыл болды тұрғанымызға мына жол жоқ. Халық, үлкен кісілердің талабы ауыз су әкеп берсе дейді. Анау 20-30 км жерден тасып ішеді.  Қоқыстың жатысы мынау. Жыланда бар, крыса да бар. Иттер толып жүреді.
 
Заманауи игіліктерден жұрдаймыз деген жұрт шенділерге сенуден қалған. Биліктегілердің ауыс-түйісінен, түйіні шешілмеген түйткіл жылдан жылға қала берген.
 
Светлана АХМЕТОВА, ІРГЕЛІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
20 жылдан асты осы жол азабын тартып келеміз. Жұмыс, мектеп, базарға осы бір көшемен барамыз. Бұның өзі сатылып кеткен. Иесі бар. Мұнда бірдеме салынса, жолсыз қаламыз.

 
Айдар ЖӘКІПБАЕВ, ІРГЕЛІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Екі үйдің ортасында расстояние жоқ даже. Бытырлатып бірінен кейін битіп бірінен кейін битіп жабыстырып-жабыстырып салып тастады. Қазір біреуі жанса бәрі жанып кетеді. Пожарный безопасность деген жоқ. Су жоқ. Жол жоқ.

 
Округ әкімі бұқараның базынасы бүгін-ертен шешілмейтінін мәлімдеді. Жолдарды жасатуға облыстан қаражат бөлінгенін күту қажет деді
 
Абылай ЫСҚАҚОВ, ІРГЕЛІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Сіздер болған Мерей көшесі русский пруд дейміз. Ол жерге қаражат бөлінген жоқ. Бірақ бюджеттік өтінім беріліп қойған. Нақты мен сізге мерзімін айта алмаймын. Қоқыс тазалау жұмыстарын міндетті түрде жүргіземіз. Оны тазалап тастаймыз иә.

 
Қазір ауылдың 27 көшесіне асфальт төселген. Қалғаны қиыршық таспен тұр. Ауылды ауыз сумен қамту өзінің міндеті екенін әкім жақсы түсінеді, орталықтандырылған су мұнарасына қосылу жұмыстарын жуырда аяқтаймыз деп сендірді.  
 
Ә. Лесбек