Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Қарағандыда 10 жасар бала қар суы жиналатын арыққа түсіп кетіп, мерт болды

AstanaTV
04.04.2022ж. 20:00
1466
Қарағандыда 10 жасар бала қар суы жиналатын арыққа түсіп кетіп, мерт болды

Қарағандыда 10 жастағы жеткіншек қар суы жиналатын арыққа тайып құлап кетіп, көз жұмды. Ойнап жүрген баласынан қапыда көз жазып қалған ата-ана есеңгіреп қалды.  Үйдің іргесінде  ашық жатқан   каналдың суы арнасынан тасып,  жыл сайын жұрттың онсыз да үрейін туғызатын.  "Ақыры қайғылы оқиғаға әкелді" дейді тұрғындар. Олар  қауіпті арықты  енді тез арада қоршауды сұрайды.

10 жастағы жеткіншек достарының көз алдында суға кетті.  Балалар суға қайық жүздірген көрінеді.  Біреуі  қайығын алу үшін  ұмтылғанда аяғы тайып кетіп, құлаған. Ағыстың қаттылығы сонша баланың денесі тек 1 сағаттан кейін  әрең табылды.

Андрей СИНЯЧКИН, КУӘГЕР:

Бала арықтың басында құлағаннан кейін ,  сумен бірге ағып отырып осы құбырдағы торға келіп тіреліп қалыпты. Судың  ағысы қатты болғандықтан оны ешкім көре алмаған.

Еріген қар суына толған арық кеше арнасынан асқан. Тереңдігі екі метр. Оның үстіне судың лайлығы,  каналдың маңында құтқару бекетінің жоқтығы іздеу жұмыстарын қиындатқан көрінеді.  

Мұрат ҚАТПАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ:
 
1 сағаттың ішінде тауып алдық. Әр жерде біздің құтқарушылар болмайды ғой. Дегенмен жедел ақпарат алған кезде жедел орыннан шығып жедел бару ол – біздің бірінші талап.


Қарағанды қаласының Сұрыптау бекетіндегі бұл каналға осы ауданның бүкіл дала суы ағып келіп, Солонка өзеніне құйылады. Арықтағы тор болмаса баланың денесі даладағы коллекторға  кетер еді дейді мамандар.  Баласынан қапыда айрылып қалған ата-ана есін жия алар емес. Оны кішкентайынан білетін көршілері  де өз-өздеріне келе алмай отырғандарын айтады.

Анна САЛАСИНА, КӨРШІСІ:

Арықты қоршау керек. Көктемде су тасыған кезде тіпті қорқынышты. Қар еріген кезде тасиды, шеті мұз көктайғақ. Баланың аты бала дейміз. Бала түгілі үлкен адам да тайып ішіне құлауы мүмкін.

Ал жергілікті әкімдік осы  оқиғадан кейін ғана қимылдай бастаған сыңайлы.   

Саят ШАЙМИН, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ Ә.БӨКЕЙХАНОВ АТЫНДАҒЫ АУДАН ӘКІМІ:

Осы біздің қар, жаңбырдың суы елді мекенге кірмей арықпен өтуге арналған. Әдетте ондай арықтар қашанда ашық болады. Біз бұл жерге қайтадан шығып қарастырамыз. Жан- жақты қарап. Бірақ та енді бұлар ашық түрдегі арықтар. Енді қолдан келгенше қарастырамыз.
 
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
 
Елімізде мұндай арықтар ашық жатады. Адам көп шоғырланған жерлердің өзінде жабылмаған. Технологиясы солай дейді мамандар. Ал мұның салдарынан жыл сайын ондаған бала көз жұматын көрінеді. Бұл оқиғадан кейін  әкімдіктің өзі не істерін білмей отыр. Сондықтан құтқарушылар ата- аналарға көктемгі су тасқыны кезінде балаларды сақтық шараларымен таныстыруға кеңес береді.


А. Қуаш