Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Су астында қалған ауылдан айы-күні жеткен екі келіншек тікұшақпен орталыққа жеткізілді

AstanaTV
04.04.2022ж. 20:00
1794
Су астында қалған ауылдан айы-күні жеткен екі келіншек тікұшақпен орталыққа жеткізілді

"Ақтөбе-Атырау-Астрахань" бағытындағы жолдың бір бөлігін еріген қар суы шайып кетті. Салдарынан қозғалыс уақытша тоқтады. Ал Батыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында төтенше жағдай режимі әлі сақталады. Ресми ақпарат бойынша, аймақта 170 тұрғын үй су астында қалған.  Сондай-ақ, бас қаланың іргесіндегі ауылдардың   жағдайы да  мәз емес.  Өңірлердегі ахуалды тілшілеріміз жеткізеді.

Әділжан БЕРДІБЕКОВ, ТІЛШІ:

Қарғын су қараөткелдіктерді әбігерге салуда. Қызыл су ауыл көшелерінің 70 процентке жуығын шайып кеткен. Қар суы кей жерлерде тобықтан асып, тізеге жетеді. Салдарынан тұрғындар жүріп тұру үшін мынадай резеңке етік киюге мәжбүр.

Ербол ЗАГИЯЛОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Мынадан қалай малтып өтеміз. Баланы алып баратын болсақ машина ашып көрсетейін қазір күрегім жатыр артында. Мына етікпен қалаға барам. Сосын басқа етік киемін.  

Жергілікті билік тасқынның алдын алу үшін барынша тырысып жатқандарын айтады. Бірақ, қыс бойы тазаланбаған қар  суы ырық берер емес.

Азамат СЕРІКҰЛЫ, ҚАРАӨТКЕЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Барлық 23 микрорайонның қарын шығаруға менің қаражатым жетпейді. Мен Қараөткелдің қарын 100 пайыз шығардым деп айта алмаймын. Қаражатым болса мына жерде біраз жұмыс атқаруға болады. Қаражатым болмаса қандай жұмыс атқаруға болады.


Ауыл әкімі  ауданнан  қанша рет қаржы  сұраса да, ұсынысы мақұлданбағанын жасырмады. Ал тұрғындар  "қаржы жоқ" деген жауаптан шаршадық дейді.  

Айгерім ӨТЕГЕНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жыл сайын бізде осылай. Көктем басталса су басады. Үйлерге су кіреді. Неліктен біз ондай жағдайға душар боламыз. Бізге өйткені қаражат бөлінбейді. Сонымен қайтадан келесі жылы тағы да халық шулайды, тағы да халық жылайды.   

Қар суы Елорда іргесіндегі Қоянды ауылының  тұрғындарын да әбігерге салуда.   

Әділжан БЕРДІБЕКОВ, ТІЛШІ:

Елорда іргесіндегі барлық елдімекендердегі жағдай осындай. Қажымұқандықтар да ауыл ішінде аяқ алып жүрі мүмкін емес деп шағымдануда. Күннің жылына бастағалы батыс жұрты да қарғын сумен алысып жатыр. Әрі қарай ақтөбелік әріптесім Гүлвира Сейтенова жалғастырады.

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Ақтөбеде  әсіресе, қала айналасындағы саяжайлар   мен жаңа аудан жұрты үш күннен бері қызыл судың зардабын тартып жатыр. Бүгін түнде «ТЭЦ» бау-бақша ұжымының тұрғындары шұғыл эвакуацияланды.  

Фатима НАҒМЕТОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үй су ортасында тұр. Ішкі жарты метрден көп кірді. Жолдасым насоспен шығарып жатыр. Техника, бүкіл киім-кешек. Осылай шығып кеттім, балаларды аман-сау алып қалғаныма шүкір деп.

Қала бойынша төрт мектепте эвакуациялық пункт ұйымдастырылған.  Ол жерді қазір  52 ересек пен 85 бала уақытша паналауда. Арасында жаңа туған жеті нәресте де бар.   

Ақманат БЕСҚҰЛАҚОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Түнде жолдасыма звондады, су келіп жатыр, дайындалыңдар деп. Ұшып түрегеліп, дайындап қойған документтерді қолымызға алып, су кіргенше шығып үлгердік.

Облыстық әкімдіктің ақпараты бойынша, аймақта  795 үй су астында қалған. 3 мыңнан астам адам тұратын жеті ауылдың жолын суы шайып,  қатынас үзілген.  

Марғұлан АМАНБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСШЫСЫ:

Жолдың шаюлары Байғанин, Қобда, Мұғалжар аудандарында бар. Ол жерлерде 780 адам қатынассыз отыр. 6 жолдың бұзылуынан. Бірақ, жергілікті атқарушы органдар қайықпен өтіп, тамақ, дәрі-дәрмек беріп отыр.


Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Мамандар   әлі тасқын қаупі бар екенін айтады.  Бірақ, өңірде  төтенше жағдай жарияланған жоқ.   Ал Батыс Қазақстанның кейбір аудандарында төтенше жағдай режимі енгізілген. Ол туралы бастағы әріптесім Еркін Карин айтады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Батыс Қазақстан облысының төрт ауданында төтенше жағдай жарияланды. Қалған алты ауданның да жағдайы мәз емес. Өңірде 140 үйді су басып, төрт түліктің шығыны жүзден асқан.
 
Бұл – облыс орталығынан 500 шақырым қашықтағы Жәнібек ауданы. Үйін су басқан 300 тұрғын мектепке көшірілген. Тіпті заставасы суға кеткен шекарашылар да  осы жерді паналауға мәжбүр. Жолын су шайған ауылмен көлік қатынасы үзілгесін, айы-күніне жетіп отырған екі жүкті келіншек Оралға тікұшақпен жеткізілді.

Марат КҮЛДІКОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
 
Суда қалған аудандарға Атырау мен Маңғыстау облыстарының төтеншеліктері көмекке келді. Су тасқынының зардабын жою үшін жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардан 755 адам, 94 техника, 9 қайық, 31 мотопомпа, 2 тікұшақ жұмылдырылып отыр.

Облыста төтенше жағдайдың зардабын жоюға 1,4 млрд теңге қарастырылған. Яғни, үйі суға кетіп, малынан айрылған тұрғындарға   көмек беріледі. Қиналған халыққа жеке кәсіпкерлер мен «AMANAT» партиясы  жәрдемдесіп жатыр. Бүгін   азық-түлік  тиелген жүк көлігі   апат аймағына  жөнелтілді.  Ал «AMANAT» партиясы ашқан есеп-шотқа халықтан 2 млн тг түскен.

Кенесары НҰРША, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Осы Шалғын мен Жақсыбай ауылдарына азық-түлік жіберуді жоспарлап жатырмыз. Бұл көмекті былтыр Таразда болған жағдайларда, Түркістанда болған жағдайларда біз осындай бағыттағы көмектерді жасап жүрдік. Бұл соның жалғасы.

Сондай-ақ, тасқыннан зардап шеккендерге көмектесу үшін құрылған волонтерлік штаб тұрғындардан киім-кешек, тез бұзылмайтын тағамдар, дәрі-дәрмек пен өзге де керек заттарды қабылдап жатыр.  

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Күн күрт жылынса, Орал қаласының іргесіндегі үш саяжай қауымдастығын су басуы мүмкін. Деркөл, Шаған мен Жайық өзендерінің жағасындағы саяжайларда 6 мыңдай адам тұрады. Қазір төтеншеліктер мен әкімдік қызметкерлері оларға ескерту жасауда.   


Е. Карин, Г. Сейтенова, Ә. Бердібеков