$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодарда үйін су басып қалған көпбалалы отбасыға жаңа баспана берілетін болды

AstanaTV
07.04.2022ж. 20:00
1415
Павлодарда үйін су басып қалған көпбалалы отбасыға жаңа баспана берілетін болды

Павлодарда үйін су басып қалған көпбалалы отбасыға жаңа баспана берілетін болды. Естеріңізге салайық, сәуір айының басында  Павлодар ауданына қарасты Рождественка ауылындағы 30-ға тарта аула еріген қар суының астында қалған болатын. Осының салдарынан ауданда төтенше жағдай жарияланып, 100-ге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың жағдайымен бүгін Парламент депутаттары танысты.

Анастасия Остапенко - Рождественка ауылының тұрғыны. Үйін су басып, 4 баласымен далада қалған болатын. Әп-сәтте жиналған су үйдің ішіне кіріп, дүние мүліктің бәрін жарамсыз еткен. Өздері жан сауғалап, туыстарының үйін паналапты. Қиын жағдайға тап болған жанұяға жергілікті билік жаңа баспана беретін болды.

Анастасия и Анатолий ОСТАПЕНКО, РОЖДЕСТВЕНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз қиын жағдайда жалғыз қалдырмай көмек көрсетіп жатқан барлығына алғыс айтамыз. Бізге өте үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Біз бұл үйді Шарбақты ауданынан көшіп келіп, несиеге алған болатынбыз. Әлі 5 жыл төлейтін қарымыз бар.

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен мәжіліс депутаттары кездесті. Олар тұрмыстық техника, киім және азық-түлік секілді қажетті заттарды сыйға тартты.

Айгүл НҰРКИНА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүгінгі күні жағдай біршама тұрақталғанын көріп отырмыз. Бірақ, арқаны кеңге салуға болмайды. Үнемі бақылау жасап отыру керек. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы заңға өзгерістер енгізу жайын көтерді. Біз бұл мәселені «AMANAT» партиясы облыстық филиалында өтетін жиында талқыға салатын боламыз.

Кездесу барысында депутаттар жергілікті құтқарушылармен де тілдесті. Төтенше жағдай мамандары апат қалай орын алғанын баяндап берді. Тасқынға бірден бір себеп бөгеттердің болмауы түрткі болған.

Вера КИМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
 
Халыққа бұл  бөгеттердің жайдан жай қойылмағанын түсіндіргім келеді. Өйткені, бөгет бұзылса, ауылға қауіп төнеді. Бүгінгі жағдай осыны көрсетіп тұр. Сондықтан, бөгеттерді бұзып, одан өтетін ыңғайлы жол жасау арқылы өз өзімізге қауіп төндіретінімізді түсінуіміз керек.

Мәжілісмендер апат қайталанбауы үшін қазірден қам жасау керек екенін айтты. Бұл орайда заң жобаларына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар да ескеріледі деді. Депутаттар жағдайды жіті бақылауда ұстайтындарын жеткізді.

Ө. Қуанар