Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының өрт сөндірушілері жалақыны көтеруді талап етуде. Қазір ай сайын алып жүрген 70 мың теңге жыртыққа жамау болмайды дейді олар.
Жиналғандардың айтуынша, еңбек ақының мардымсыздығынан ондаған өрт сөндіруші жұмысын тастап кетіпті. Арнайы киім мен өндірістің зияндығына берілуі тиіс сүт өнімі тіпті өз алдына әңгіме дейді.
Айдарбек АЙТБЕКОВ, АҒА ӨРТ СӨНДІРУШІ:
Ол синтетикалық күнге ыстық болады,кигенде ауа өткізбейді. Мысалы, киіп алсаң как будто клеенканың ішінде жүрген сияқты боласың да.
Ал серіктестік директоры жалақыны қалай да көтерудің амалын жасап жатқанын жеткізді. Тек тапқан табыс әзірге шығыннан артылмайды дейді. Соның салдарынан 138 жұмысшының 30 процентін жоғалту оларға да оңай тимегенін айтады.
Акзамхан ХАМУДОВ, ЖШС ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Жалақы мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Тендерге байланысты болып тұр айлықтың қосылуы. Жасыратыным жоқ, 237 млн теңге бүгінгі бюджетім, ал мен 306 млн теңгенің тендеріне ұсынып отырмын, өрт сөндірушілердің айлығын кемі 100 мың теңгеге көтеру үшін. Алайда біздің құжаттарымызды қарамай жатыр әзірге. Өзге өңірлер 150 мың теңге кемі төлеп жатса, менің қарамағымдағылар небәрі 74 мың теңге алады.
А. Төребекқызы