$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Әрбір екінші отбасы ойынқұмарлықпен күресуде

AstanaTV
08.04.2022ж. 20:00
2176
Әрбір екінші отбасы ойынқұмарлықпен күресуде

Елімізде әрбір екінші отбасы лудоманиямен күресуде. Статистикаға сүйенсек, 350 мың адам ойынқұмарлықтың шырмауынан шыға алмай келеді. Әрқайсысының орташа қарызы – 10 млн теңгеден асады. Заман дертінен арылудың жолы бар ма? Тілшіміз Айсәуле Съезбек жауап іздеді.

Оңай олжаға құнығып, өзін-өзі тоқтата алмай қалған жанның бірі –Жасұлан.  Санасы уланған азамат отбасы, қызмет, білім секілді өмірлік құндылықтардан баз кешіп кеткен. Қазір басында 13 млн теңге қарызы бар.

ЖАСҰЛАН, 24 ЖАСТА:

Басында ұтқаныммен кейіннен жеңіліп, сол ақшамды қайтарып алам деп қайта-қайта тігіп, осындай жағдайға тап болып отырмын. Істеп жүрген жұмысымнан да айырылдым. Қасымда жүрген достарым да алшақтап кетті. Жалпы өмірдегі бүкіл қиыншылықтардың барлығы ақшаға келіп тірелді.

Соңғы кездері құмар ойынға қыз-келіншектер де құнығып кеткен. Дмитрий Гармаштың психологиялық көмек орталығына айына лудоманиямен ауыратын 300-ге тарта адам келеді. Бұл патология әлеуметтік статус пен жас таңдамайды, - дейді маман. Дегенмен, азарттың азабына білімді азаматтар көп түседі екен.

Дмитрий ГАРМАШ, SANASEZIM ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ойынқұмарлыққа салынғандардың барлығы мықты математиктер. Білімі таяз адамдар бұған бара алмайды. Өздерін нағыз стратег, ең ақылды сезінгендер ойын жүйесін алдап,  ақшаның астында қаламыз деп үміттенеді. Психотерапевт мамандардың көмегінсіз бұдан шығу мүмкін емес. Біздің орталыққа келетін 100 адамның 70-сі дұрыс жолға түсіп, жаңа өмір бастайды. Емдеу 4-5 айға созылады.

Маман ойыншы бұл арам жолдан шығамын деп іштей шешім қабылдамайынша, ем қонбайтынын айтты. Эйфорияны тым көп сезінген адам қарапайым қуаныш, қайғы, мұң деген сезімдерді мүлдем ұмытатын көрінеді. Сондықтан отбасы мүшелерінің айтқан ақылына мән бермейді. Көкірек көзін шел басады деп отыр.

Ержан МЫРЗАБАЕВ, ОТБАСЫ ПСИХОЛОГЫ:


Ойынқұмар адамдардың бір қызығы өмірге деген құштарлығы да күшті болады. Суицидке бара бермейді. Өйткені әрдайым бір ойыннан азарт алып отырғандықтан, азарт адамның өмірге деген құштарлығын арттырады. Өте сирек жағдайларда суицидке апаратын жағдай болады. Ол ойын құмарлықтан емес, ойын құмарлықтың нәтижесінде бүкіл дүние мал-мүлкінен айырылғаннан кейін. А так негізі бұлар өте былай айтқан кезде өмір құмар адамдар деп ойлау керек.

Айсәуле СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Өкініштісі, қоғам әлі бұл қасіретті – психологиялық ауру ретінде қабылдамай отыр. Лудоманияға шалдыққандардың жақындары өзі қойып кетер деп үміттенеді. Қарызын төлеп, жаңа өмір басташы деп жалынады. Бірақ мамандар құмар ойынның құрсауындағы адамның қарызын төлеп беру – ойнауға жаңа мүмкіндік сыйлау дейді. Бұдан шығудың жалғыз жолы – тек қана емделу.

А. Съезбек