Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қаржылық пирамидалар 54 млрд. теңге шығын келтірген

AstanaTV
13.04.2022ж. 20:00
1226
Қаржылық пирамидалар 54 млрд. теңге шығын келтірген

Былтыр елімізде 31 мыңнан астам адам қаржы пирамидаларының құрбаны болған.    Келтірілген шығын 54 млрд. теңгеден асады.   Алаяқтарға  алданып, жер сипап қалғандар қаражатын әлі өндіре алмай жүр.  Неге? Оған тілшіміз Әдліжан Бердібеков жауап іздеді.  

Мамандардың айтуынша,  қулық әрекетке құрбан болатындардың көбі жеңіл ақшаға, еңбексіз табыс табуға әуес адамдар. Ал қалта қағудың түрлі жолын тапқан айлакерлер өз кәсіптерін уақыт бедеріне қарай бейімдеп, түрлендіріп келеді.  

Жандос ТҰЯҚОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ АДВОКАТЫ:

Олар айтады біздің фирма шетелде, Америкада біздің қаражаттың бәрі шет мемлекетке жіберіледі. Шет мемлекеттерінде мұнайға салынады, қандай да бір инвестицияға салынады деген логикалық қандай да бір ақиқатқа ұқсайтын уәждер айту арқылы  халықты сендіреді.

Сондықтан қандай да бір инвестиция салу  үшін ол мекеменің лицензиясы бар- жоқтығын анықтап алған жөн дейді. Егер ақшаңыздан айрылсаңыз, оны  қайтарып алу   мүмкін емес екенін айтады.

Күні кеше қаржы пирамидасына 20 милионнан астам ақша салып,  сан соғып қалған әйел өз-өзін өртеді.  Алаяқтарға алдандым деп  жазған қоштасу хаты да жарияланды.  Осыған  байланысты  бүгін Ішкі Істер Министрлігі  Алматы қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.

Санжар ӘДІЛОВ, ҚР ІІМ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Тергеу қызмет барысында нақты бір- екі адам деп айта алмаймын. Өйткені осы қылмыстық іс бойынша бізде арнайы тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Қызметтік тексерудің мерзімі бір айға дейін.

Бірі үй аламын, енді бірі көлік мінемін деген ақшасын пирамидаға салса,  тағы бірі   несие алады.  Осылайша аузынан жырып, жиып-тергенін  айлакердің қоржынына салады. Ал олар ойына не келсе, соны істеп жүр.  Мұндай жағдай соңғы уақытта тіпті жиілеп кетті дейді құзырлылар. Енді инвестициялық пирамида құрушылардың жолын кесу жұмыстары  күшейе түспек. Сондай-ақ қаражатын қайтара алмай жүргендер мәселесін  шешу де назардан тыс қалмайды.

Санжар ӘДІЛОВ, ҚР ІІМ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Былтыр қылмыстық істер бойынша 31 мыңнан астам азаматтарымыз жәбірленуші деп танылды. Келтірілген материалдық залалы 50 млрд.тан астам болды. Қазіргі таңда қылмыстық істер соттың қарауында. Кісілерге қанша қаражат, қанша ақшамен әлде мүлкімен қайтарылатынын сот шешеді.


Бір жыл ішінде аталған орталық жүргізген профилактикалық жұмыстар нәтижесінде қаржы пирамидасының белгілері бар 65 мекеме анықталған. Оларға  қатысты тиісті орындарға нұсқаулық беріліп, қылмыстық іс қозғалған.

Ә. Бердібеков