Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Атырауда шетелдік келіндер көбейіпті

AstanaTV
13.04.2022ж. 20:00
1862
Атырауда шетелдік келіндер көбейіпті

Атырауда шеттен келген келіндердің саны көбейген. Өзге мемлекеттің азаматтарына тұрмысқа шығатын қыздарға қарағанда, шет елдің қыздарына үйленетін жігіттердің саны артып келеді. Азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімінің мәліметінше, ерлер көбіне көршілес Өзбекстан, Ресей, Қырғызстанның сұлуларын жар етеді екен. Ал бұрымдылар мұхит асып кетуде.

Динара Әбілғазиева соңғы он жылдан бері жас жұбайларды салтанатты түрде некеге тіркейді. Жүздеген жұптың бақытына куә болған ол, соңғы кезде ағылшын тіліне сұраныс артқанын айтады. Аралас некеге көзі үйренген.
 
Динара ӘБІЛҒАЗИЕВА, НЕКЕГЕ ТІРКЕУШІ:

Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінен қыз алып жатыр. Ал біздің қазақ қыздары Еуропа мемлекеттеріне тұрмысқа шығып жатқан тойларды өткізіп жүрдім. Ол тойлар көбіне үлкен тойлар болды. Ішінде қазақ салт дәстүрлері де сақталып жатты. «Шашу шашу», «қыз көрімдігін алу» деген сияқты. Басқа елдің қыздары біздің қазақ жігітінің фамилиясын алмайды.

Жүзін жасырған 27 жастағы мына атыраулық жігіттің жары Өзбекстан азаматшасы. Қаладағы ірі сауда орынында жұмыс істеп жүріп, болашақ жарымен танысыпты. Ата-анасы қарсы болмағанымен, біразға дейін жақындары үйренісе алмай жүрген.   

Мұрат, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазақтың қызы жетпей ме, қазақтың қызы бар ғой деп. Бірақ жүректің әмірі солай болды енді. Бір жылға таяу  танысып жүріп, содан кейін отау құрдық. Қазір бір баламыз бар.

Ресми мәлімет бойынша, атыраулық азаматтар соңғы кезде Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан азаматтары арасынан жар етеді екен. Қазақ қыздары болса, аталған мемлекеттен бөлек АҚШ, Түркия мен Қытайға ұзатылып жатыр. Соңғы үш жылда 142 бұрымды өзге мемлекет азаматының етегінен ұстаса, 188 атыраулық өмірлік серігі ретінде шетел  қыздарын таңдаған. Мамандардың айтуынша, аралас некені тіркеу міндетті түрде оффлайн жүреді. Құжаттары жан-жақты тексеріледі деп отыр.
   
Гүлшат ЖҰМАҒАЛИЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ, ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМА ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ХАЛ-АКТІЛЕРІН ТІРКЕУ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Қай елдің азаматшасы, ол кісіден сол елдің рұхсат қағазын алдырамыз. Ол кісі бұрын тұрмысқа тұрмаған болса,  ол жерде,  егер тұрмыста болып, ажырасқан болса, ажырасқан жөнінде неке бұзу құжаттарын сұратамыз. Құжаттары Қазақстанға жарамды жөнінде міндетті түрде белгі соғылу керек.

Биылғы жылдың да статистикасы жаға ұстарлық. Өткен  айдың ішінде 13 ару шетел асса, 16 жігіт өзге елден келін әкелген. Қоғам белсендісі бұл болашақ үшін алаңдатарлық жағдай дейді. Жастарды ұлт тәрбиесіне немқұрайлы қарамауға шақырады.

Гүлсім БИТАШЕВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Ол енді үлкен індет. Модаға айналдырған жастардың санасына ой салуымыз керек  деп ойлаймын.  қазіргі жастық, қызумен, сезіммен өзінің болашағын, ұрпағын бүлдіріп алмаса екен деп ойлаймыз. Сондықтан мен қарсымын.

Аралас некенің көбеюіне шеттен келетін жұмысшылардың көптігі де әсер етіп отыр. Мамандардың пайымы осы.

Б. Надірқызы